Ақтөбе тұрғыны облыстық перинаталдық орталыққа жоспарлы кесар тілігін жасатуға барған. Алайда көптен күткен қуанышы нағыз қасіретке айналған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2025 жылғы 18 тамызда Альбина Итеғұлова жоспарлы ота үшін Ақтөбе облыстық перинаталдық орталыққа жатқызылған. Әйел егіз сәби күтіп жүрген. Алайда операция барысында өмірлік маңызды ағзалары зақымданған.
"Операциядан кейін менде абайсызда жасалған зақым пайда болды – қуық пен жатыр зардап шекті. Қазіргі кезде бұл екі ағза бір-бірімен жалғасқан ағза секілді жұмыс істейді. Олардың арасында тесік пайда болған. Енді жатырда не жиналса, соның бәрі қуыққа кетеді, ал қуықтағы сұйықтық қайтадан жатыр аймағына өтеді", – дейді ақтөбелік әйел.
Оның айтуынша, мұндай жағдайға ота жасаған дәрігердің салғырттығы себеп болған. Альбина Итеғұлова дәрігер жағдайды уақытында байқамағанына сенімді.
Альбина мұндай күйде жаңа туған егізге қарай алмайтынын айтады: өзіне де үнемі күтім қажет. Сол себепті оның анасы жұмысынан шығып, сәбилерге қарауға әрі қызына көмектесуге мәжбүр болған.
Фото Tengrinews.kz
Әйел көмек сұрап әлеуметтік желіге де жүгінген. Кейін жағдай Денсаулық сақтау министрлігіне дейін жеткен. Перинаталдық орталық операция қиындықсыз өткенін, ал асқыну себебі кесар тілігінің қайта жасалуы мен бұрынғы операция болуы мүмкін екенін алға тартады.
"Ота жасаған бригада мықты әрі тәжірибелі болды. Операция техникалық тұрғыдан еш ерекшеліксіз өтті. Несеп-жыныстық зақымның пайда болуы көбіне қайталама кесар тілігіне байланысты болады. Сонымен қатар науқастың бұрын құрсақ қуысы мен кіші жамбас аймағында, оның ішінде қуығына да операция болған, бұл асқынуға себеп болуы мүмкін", – деп түсіндірді перинаталдық орталық директорының орынбасары Светлана Есенаманова.
Денсаулық сақтау басқармасы әйелге Қазақстанда әрі қарай емделу үшін квота рәсімдеуге көмектесуге дайын екендерін айтты.
"Пациенттің келісімімен мемлекеттік квота алу үшін қажетті медициналық құжаттар дайындалады", – деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Құштаева.
Алайда Альбина Итеғұлова Қазақстанда жасалатын отадан бас тартқан. Ол толыққанды тек шетелде емделгісі келеді. Сонымен қатар әйел болған жағдайға кінәлі деп есептегендерге қарсы сотқа шағым дайындап жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!