ПОДЕЛИТЬСЯ
28 ақпан 2017 | 21:04
Кейкінің батырлық қасиеттерін қолымыздың табынан ғана емес, санамыздан да өткізгендей болдық - ғалым
Венгрия антропологиялық институтының профессоры Андраш Биро "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Кейкі батырдың бассүйегін қалпына келтіру кезінде оның батыр адам екенін сезгенін мәлімдеді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Венгрия антропологиялық институтының профессоры Андраш Биро "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында Кейкі батырдың бассүйегін қалпына келтіру кезінде оның батыр адам екенін сезгенін мәлімдеді.
Ол батырдың бас сүйегін антропологиялық тұрғыдан қалпына келтіру барысында қандай соны технологияға сүйенгені жайлы айтып берді.
"Бассүйектің өзіне тән қалпы, бітімі болады. Бұл қалып бойынша бұлшық еттің бедерін шығарады. Яғни, сүйектің сыртына қарай отырып, оны қаптаған бұлшық еттің көлемін анықтай аламыз. Әрине, бұған үлкен тәжірибе қажет. Бұл ретте сүйектің миллиметрлік өлшемдермен біртіндеп микросуреттері алынады. Осы суреттерге сәйкес, бұлшық еттің ерекшеліктері беріледі. Сондай-ақ, заманауи технологиялардың бірі саналатын 3D форматымен компьютерлік томографиядан өткізеді. Компьютерлік өңдеуден өткенде 3D моделімен жасалған материяның бірін бассүйекке, бірін силиконға ұқсас жасаймыз. Бұл екеуі де сүйектің өзі сияқты болады. Осылайша сүйектің жасанды көшірмесін жасап алып, бет-әлпетін толық шығарады. Сондай-ақ, тағы бір әдіс - кішкентай бөліктерден құрау. Түптеп келгенде, антропология мен медицинаның заманауи технологиясымен жасалған бұл келбет түпнұсқаға 95-99 пайыз ұқсайтын болып шығады. Міне, осы технология бойынша біз Кейкі батырдың келбетін қалпына келтірдік", - дейді антрополог ғалым.
Сондай-ақ, айтуынша, бес жыл бұрын институт Әбілқайыр ханның да антропологиялық бет-әлпетін жасаған. "Хан моласы" атанған Әбілқайыр ханның мазары Ақтөбе мен Торғайдың арасында орын тепкен. Бүгінде Мажарстандағы антропологиялық орталықтың озық технологиясы мен ғылымына әлемнің назары ауа бастады", - деді ғалым.
Ғалым реставрациялау кезінде оның бойындағы "батырлық қасиеттерін қолымыздың табынан ғана емес, санамыздан да өткізгендей болдық" дейді.
"Өмірде Кейкі батыр сияқты табанды адам өте сирек кездеседі. Ол қазақ халқының нағыз батыр, ержүрек перзенттерінің бірі. Оның елжандылығы қазақ халқының басына қиындық түскен күрделі кезеңмен өрілді. Сондықтан, Кейкідей қаһарман ұлдардың күреске толы өмірінен алатын өнеге аз емес. Ұлтқа қауіп төнген қатерлі шақта ол осы сыннан өтуді ғана емес, елдің еңсесін түсірмеуді, қазақтың мүддесін қорғауды, намысын бермеуді, рухын биік ұстауды мақсат етті. Бүгінде мұндай жаужүрек жігіттер аз. Біз реставрация жұмыстары барысында Кейкі батырдың бойындағы батырлық қасиеттерін қолымыздың табынан ғана емес, санамыздан да өткізгендей болдық. Ол шын мәнінде нағыз батыр тұлғалы адам болған. Міне, осы қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі арқылы халықтың жігерін жанитын үлкен ескерткіш мүсінді сомдауға әбден болады деп ойлаймын", - деді Андраш Жолт Биро.
Мұнымен қатар, ғалым сұхбатында қазақтар мен мажарлардың туыстық қарым-қатынасы жайлы зерттеп келе жатқанын және екі халықты қандай ортақ дүние байланыстыратынын айтып өтті.
"Біріншіден, Қазақстан өте үлкен аумақта орналасқан. Қазақ халқы түрлі тайпадан, рудан құралады. Сондықтан, ерте уақытта бұл аумақта этникалық оқиғалар көп болды, көптеген ұлыстар мекен етіп, бір-біріне құрамдас ретінде орнықты. Мадиярлар оңтүстік Оралға жақын маңда көшіп-қонып жүрді. Жалпы, халықтардың этногенезіндегі тілдік айырмашылықтарды қалпына келтіру өте қиынға түскен болар еді. Өйткені, тіл алмасады, өзгереді. Көшпенділер тілі де осы күйді өткеріп, заманға сай дамыды. Алайда, біз тарихқа генетика мен антропологиялық дәлелдер арқылы терең бойлай аламыз. Этногенез ілімі ғасырларды аттап өтеді. Венгрияның орталық антропологиялық институтында 600-ден астам бас сүйек IX ғасырға, яғни көшпенді мадиярлар Кавказға келіп, алғашқы қағанаттықтарын құрған кезеңге тиесілі. Бұл сүйектер Орталық Азиядан табылған сүйектерге жақын. IX ғасырдағы мадиярлардың антропологиялық мінездемесі кейіннен біртұтас қазақ ұлтын құраған сол кездегі түрлі ұлыстарға өте ұқсас болып келеді. Арал мен Балқаш теңіздері арасында және Алтайға дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрген халықтың түр-сипаты мен болмысына осыдан мың жылдан астам уақыт бұрынғы мадиярлар қатты ұқсайды. Бұл олардың ортақ тарихы мен этногенезі болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, хромосомалық талдауларға қарасақ та, генетикалық еңбектерге көңіл аударсақ та қазіргі мадияр жерінде ортаазиялық тұрғындарға тән көптеген мұралар сақталып қалған. Қазақ халқы да осыдан 1500-2000 жыл бұрын қазіргі әлпетінен сәл басқашалау болған", - деген ол осыдан 1 мыңдай жыл бұрын қазақ жеріне солтүстіктен моңғол тектес көптеген халықтар келгенін және ертедегі қазақтар мен мадиярларда аса алшақтық болмағанын айтып отыр.
Кейіннен, айтуынша, мадиярлар батысқа кетті де, еуропалық нәсілмен көрші тұрып, сондағы мәдениетпен алмасқан. Десе де, мадиярлар өздерінің бағзыдағы келбетін сақтап қалыпты.
"Ал қазақтар сібір мен солтүстік-шығыстан келген халықтармен араласып кеткендіктен, қазіргі түрі басқашалау реңге ие болған. Дегенмен, қазақтардың әр өңірге тән ерекшеліктері бар екенін де ұмытпауымыз керек. Қазақтар өте қуатты мәдениетке ие ел, тіпті, байтақ территориясына қарамастан, диалектілер мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан үлкен халық ретінде ру-тайпаларының бір-бірінен генетикалық, антропологиялық ерекшеліктері болғанымен, жалпы алғанда, біртұтас ел екені көрініп тұрады. Ал ру-тайпа шежіресін білетін, ана тіліне жетік адам қазақы қалпын сақтайтыны да осы елдің ерекшелігі болса керек. Орталық Азиядағы көптеген халықтар түрлі жағдаймен Батысқа жылжыды. Олардың арасында мадиярлар да бар. Ата-бабаларымыз бір-біріне өте жақын болды. Біз бірге, көрші тұрдық. Сондықтан, мәдениетімізде ғана емес, генетикалық тұрғыдан туысқандығымыз да ұқсас. Бұрынғы тарихымыз оны берік байланыстыратын", - дейді ол.
Айта кетейік, бір ай бұрын бассүйек қазақстандық делегацияға табыс етілген еді. Сол кезде Кейкі батырдың бассүйегі мен бет-әлпетінің антропологиялық қорытындысын Қазақстанның орталық мемлекеттік музейінің басшысы Нұрсан Әлімбай мырза қабылдап алған болатын. Бұл бассүйектің Ресейден Қазақстанға жеткізілгені, одан реставрация жасау үшін Венгрияға жіберілгені белгілі. Кейкі батырдың бассүйегі биыл қыркүйек айында жер қойнына тапсырылады.
Показать комментарии
Читайте также