Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 311.59
EUR / KZT - 349.39
CNY / KZT - 45.41
RUB / KZT - 5.50

Кейкі батыр жайлы не білеміз?

06 Қазан 2016, 11:25
2
Арқалықтағы мұражай алдындағы Кейкі батыр ескерткіші
Арқалықтағы мұражай алдындағы Кейкі батыр ескерткіші

 

БАҚ-тарда Кейкі батырдың басы елге оралды деген сүйінші ақпарат жарияланып жатыр. Осыған байланысты Арқалық қаласындағы облыстық дала өлкесі тарихы мұражайының директоры Гүлбану Елтебаеваның Кейкі батыр Көкембайұлы туралы тарихи мәліметін беруді жөн көрдік.

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы

(1873-1923)

Қазақ даласының еркіндігі мен тәуелсіздігін аңсаған, соның жолында өмірін қиған, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі, Аманкелді Имановтың үзеңгілес сардары, халық арасында "қол мерген" атанған, атышулы батыр Кейкі Көкембайұлы 1873 жылы Торғай уезіне қарасты Қайдауыл болысының Байтума қопасы деген жерінде дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған аты-Нұрмағанбет. Ал оның Кейкі аталуының сыры –ол жасынан құс атып, аң аулап, өзен-тоғай аралап, кісіге онша қосылмай, кісі киіктеніп жүретін болған. Содан жеңгелері қайнысын   Кейкі деп атайды. Кейін бұл есімі қайта-қайта айтыла берген соң, оған басқалардың да құлағы үйреніп, бабамыздың Нұрмағанбет  деген есімі бірте-бірте ұмытыла бастайды.

Кейкі батырдың жастық шағы Батпаққарадағы атақты бай - Шашамбайдың бел баласы - Рахметтің ауылында өтеді. Ол кезде қазақтың басты байлығы - жылқысымен өлшенетін. Ал Рахметтің жер қайысқан көп жылқысы болған. Осыншама  жылқыны  ит-құсқа жем қылмай, бағып-қағу үшін бақ-дәулет иесіне нағыз атпал азаматтар керек еді. Кейкі жас кезінде Рахметтің жылқысын бағып, талай рет түн жорытып келген барымташылармен  де белдесті, талай рет қарымта қайтаруға да қатысты.


Арқалық - Амангелді тасжолы үстіндегі Кейкі батырға арналған мазар.

Аты аңызға айналған дала қыраны - Кейкі Көкембайұлының шыққан тегі-Құлан Қыпшақ.

Бақ-дәулет әкеден балаға дүние-мүлік, ақша-мал арқылы келіп қонса, батырлық пен даналық бабасынан ұрпағына қан  арқылы келіп қонатын қасиет. Кейкі батырдың шыққан тегі-Құлан Қыпшақ та тегін тұқым емес.

Құлан Кейкі батыр әке-шешесінен жалғыз емес-ті. Ол алдында арқа сүйейтін ағасы, соңында қолтығынан демейтін інісі бар бес ағайынды болатын. Олар: Омар, Оспан, Қошжан, Кейкі, Шұбар деп аталатын, бір-бірімен қаны да, жаны да бір бауырлар еді. Кейкі батырмен бірге туған бес адамның ішінде қазір Қошаннан ғана ұрпақ қалған. Қалғандары Кейкі батырға "халық жауы" деген қара күйе жағылғанда жаппай қуғындалған.


Арқалық - Амангелді тас жолы үстіндегі Кейкі батырға арналған мазар.

Кейкі Көкембайұлы - палуан денелі, түсі суық, ашуланғанда екі көзі қып-қызыл от болып жанып кететін, бірбеткей, қайсар адам болған. Қолына құран ұстап, намаз оқыған. Жастайынан садақ, мылтық атып, ат құлағында ойнаған өнері тағы бар. Халық арасында "Аманкелді көз мерген. Кейкі қол мерген еді" деген сөз айтылады. Мұның сыры-Сардар қай нысананы да көздеп атқан және көздегенін ешқашан мүлт жібермеген. Ал, Кейкі болса, кез-келген нысананы атпен шауып, жаяу, жүгіріп  келе жатып шапшаң атып түсіре берген. Оның жастайынан мылтық атуға әбден машықтанғаны соншалықты, қандай қимыл үстінде де екі қолы мылтықты нысанаға дәл ұсынатын. Кейкінің атақ даңқын шығарған екінші өнері оның-небір ат ойынын жетік білетіндігі, ат үстінде сойыл, шоқпармен шебер шайқасқандығы.

Кейкі Аманкелдімен бірге өсіп, біте қайнасқан. Екеуі де әділдік жолында күресуді балалық жастан мақсат тұтқан. Кейін 1916 жылы Торғайда ұлт-азаттық көтерілісі басталғанда  Кейкі Аманкелдіні іздеп барып Әбдіғапар ханның әскерінде мергендер тобын басқарған.

Құлан Кейкі батыр ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Торғай қаласына шабуыл, Құмкешу, Күйік, Батпаққара, Доғал соғыстарының бәріне де қатысқан. Академик Манаш Қозыбаев өзінің «Жауға шаптым ту байлап»-деген кітабында: "Ақпанның 13-і күні  (1917) Шолақсай  керуен жолын торыған Аманкелді, Өмен, Кейкі бастаған 2000 сарбаз Шошқалы қопада подполковник Кисловтың отрядын оқпен қарсы алды,  шабуылға шығып айқас салды. Дер кезінде  шегініп, әскердің ертеңгі жолын  болжап, түнделетіп төте жолмен Күйік қопасына  жеткен сарбаздар Тышқан тамының маңайында қаңтардың 14-і күні Кислов отрядын қайтадан қарсы алды. Еркіндікті аңсаған ерлердің беті қайтпай, қарулы қолға қайтадан шығуы таңғажайып емес пе? Күйік қопадағы бұл айқаста атақты Құлан қыпшақ Кейкі батыр ерен ерлік көрсетті. Жау тобына қырғидай тиіп, жазалаушылардың талайын жайратты", - дейді.


Кейкі батырдың кебежесі

Мал баққан қыр қазағы болғанымен Кейкі өз заманында болып жатқан тарихи оқиғаларға ойлы көзбен қарап, оған өзіндік әділ бағасын бере білген адам. Ол қазақ елінің басындағы бақытсыздыққа ең басты кінәлі - орыс мемлекеті, оның отарлау саясаты деп ұқты. "Олар әуелі жерімізді алған еді, оған қоса еркімізді алды. Енді бауыр еті-баламызды аламын дейді. Көрерсің, ертең олар тіліміз бен дінімізге де қол салады" деді.  Кейкі өзі қатысқан көтерілістің алдыңғы майдан шебіндегі қара жұмысқа адам бермеу үшін ғана болған наразылық емес екенін, оның ата-бабасынан  қалған асыл мұрасы-жерінен, бас бостандығынан айрылған, тілі мен дініне қауіп төнген, ұлтының болашағы- балаларының бір бөлігі оқ пен оттың ортасында құрбан болып, бір бөлігі ауыр қара жұмыстан жарымжан болып, халқының, одан әрі өсіп-өнуіне балта шабылғалы тұрғанын жан дүниесімен сезген халықтың алапат ашу-ызасынан тұтанған ұлт-азаттық көтерілісі екендігін терең түсінді.

Торғай даласында отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресті көрнекті ұйымдастырушылардың бірі, Кейкі Көкембайұлы 1923 жылдың наурыз айында Аманкелді ауданының Жыланшық өзені жықпылындағы Жалаулы деген жайлауда айуандықпен өлтірілген.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ел мен жерін жат-жұрттықтардан қызғыштай қорыған ержүрек ата-бабаларымыздың есімдері халқымен қайта қауышып,ерлік істері ұрпақ жадында қайта жаңғырды.


Ақан Нұрмановтың Құланның ажалы кітабы


Шөптібай Байділдиннің кітабы


Серік Тұрғынбековтің Кейкі батыр кітабы

Есімі мен ерлігі ел аузында аңызға айналған тағдыры күрделі  дара тұлға жайында жерлес жазушы Ақан Нұрманов "Құланның ажалы" атты тарихи роман жазды. Көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлы "Кейкі батыр" тарихи дастанын жазса, торғайлық белгілі журналист Ахметхан Байжан "Құлан Кейкі батыр"  атты деректі хикаяттар жинағын, Әубәкір Қылышбайұлы "Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң" кітапшасын жарыққа шығарды.

2010 жылдың мамыр айында Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстықмұражайының алдындағы алаңға батыр бабамыздың екерткіші қойылды, қаламыздың бір көшесі  Кейкі батырдың есімімен аталады.

Гүлбану Елтебаева
Арқалық қаласындағы облыстық
дала өлкесі тарихы мұражайының директоры


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай