“Енді аяқ баспаймын“. Туристерге танымал жағажайға бармау ескертілді

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Енді аяқ баспаймын“. Туристерге танымал жағажайға бармау ескертілді Фото: Threads/@noiramigo

Әлеуметтік желі қолданушылары туристерге Вьетнамның Нячанг қаласындағы танымал жағажайларда демалушылар тым көп екенін ескертіп жатыр. Жаңадан жарияланған фотосуреттер мен пікірлерге қарағанда, теңіз жағасынан бос орын табу оңай емес, деп хабарлайды Tengri Travel.


Әлеуметтік желі қолданушылары туристерге Вьетнамның Нячанг қаласындағы танымал жағажайларда демалушылар тым көп екенін ескертіп жатыр. Жаңадан жарияланған фотосуреттер мен пікірлерге қарағанда, теңіз жағасынан бос орын табу оңай емес, деп хабарлайды Tengri Travel.

Неден басталды?

Қызу пікірталасқа желі қолданушыларының бірі жариялаған жазба себеп болды. Ол Нячангтың орталық жағажайында 7 маусымда түсірілген суретті бөлісті. Фотода жағалау бойындағы демалушылардың қалың нөпірі көрінеді.

"Естеріңізде ме, кеше көбісі жағажайдың фотосына сенбеп еді? Міне, тағы біреуі. Нячанг. Дәл қазіргі сәт. Иә, адам расында да осылай көп", - деп жазды ол.

Скриншот: Threads

Жазба 100 мыңға жуық қаралым жинады. Пікір қалдырушылар Нячанг үшін мұндай көріністің, әсіресе күннің белгілі бір уақытында, үйреншікті жағдай екенін растады.

  • "Жергілікті тұрғындар кешкісін шығады. Бұл жерде бұрыннан солай. Әсіресе мерекелер мен демалыс күндері халық көп болады. Таңертең де жергілікті жұрт күн ысығанша үлгеріп қалуға тырысады. Қалған уақытта жағажайлар бос болады".
  • "Күйеуім екеуміз қазір Нячангтамыз. Бұл орталық жағажай, оған жоламаған дұрыс. Сәл әріректе, мәселен, танымал қонақүйдің жеке жағажайында адам аз және ол әлдеқайда таза. Ал шеткері жағажайлар өте әдемі әрі тап-таза".
  • "Бірнеше күн бұрын қонақүйден түсіріп едім: адам тек кешкісін көп, ал күндіз жағажай бос тұрады".

Ығы-жығы жағажайлар туралы мұндай жазбалар бұған дейін де пайда болған. Мәселен, мамырдың басында әлеуметтік желілерде демалушылардың көптігі түсірілген видеоларды бөліскен болатын.

@goldimages Жағажайда мұншалықты көп адамды көрмегелі қашан, мамыр мерекелерінің әсері #вьетнам #нячанг #нячангвьетнам ♬ Island In The Sun - Weezer

Vietnam Today мәліметінше, ол кезде туристер нөпірі мереке күндеріне - Қайта бірігу күні мен Еңбек күніне тұспа-тұс келген.

"Вьетнамның туризм саласында Қайта бірігу күні мен Халықаралық еңбекшілер күніне орай нағыз серпіліс байқалды: бүкіл ел бойынша келушілер ағыны өте жоғары", - делінген жарияланымда.

Вьетнамға қанша турист барды?

Вьетнам ұлттық туризм басқармасының деректеріне сәйкес, мамырда елге 1,8 миллионға жуық шетелдік турист келген, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,5 пайыз көп.

Биыл алғашқы бес айда туристер ағыны 10,6 миллион адамға жетіп, тарихи максимумды көрсетті. Сарапшылар бұл көрсеткіш бақылау тарихындағы осы кезең үшін абсолютті рекорд екенін атап өтті.

Айта кетерлігі, мұндай көрсеткіштер шетелдіктер әдетте өз елдерінде демалуды жөн көретін "мамырдағы төмен маусымға" қарамастан тіркеліп отыр.

Саяхатшылар ең көп келетін 10 ел қатарына мыналар кірді:

  • Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей,
  • Тайвань, Камбоджа, АҚШ,
  • Үндістан, Жапония, Филиппин және Австралия.

Жыл соңына дейін Вьетнам билігі 25 миллионға жуық шетелдік қонақты қабылдауды жоспарлап отыр.

Тағы оқыңыз: Фукуокқа ұшатын саяхатшыларға кірудің жаңа ережелері туралы ескертілді

TengriTravel
;