Бурабайға барар алдында нені білу керек: баға, жол және ең жақсы жерлер

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бурабайға барар алдында нені білу керек: баға, жол және ең жақсы жерлер Фото:depositphotos.com

Бурабайда демалыс маусымы қызған шақ. Астанадан небәрі бірнеше сағаттық жердегі курортты аймақ тағы да демалушыларға толды: мұнда суға шомылуға, қарағайлы орманды аралауға және бақылау алаңдарына шығуға келеді. Tengri Travel қазіргі уақытта Бурабайда демалу құны қанша екенін, оған қалай жетуге болатынын және қандай орындарды міндетті түрде көру керектігін анықтады.


Неліктен жазда бәрі Бурабайға ағылады?

Бурабай - Қазақстандағы ең танымал курорттардың бірі. Оның басты ерекшелігі - Ақмола облысының кең даласының ортасында, Астанадан небәрі бірнеше сағаттық жерде орналасқан қарағайлы ормандары, жартастары мен көлдері.

Жазда мұнда тек жағажай үшін ғана келмейді. Туристерді қоңыр салқын климат, қылқан жапырақты таза ауа, тауға серуендеу, экскурсиялар және алысқа ұзамай-ақ табиғат аясында бірнеше күн өткізу мүмкіндігі қызықтырады.

Бурабайда шомылу маусымы қашан басталады: айлар бойынша ауа райы

Бурабайдағы жаз маусымы Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда жұмсақ келеді. Көлдер мен қарағайлы ормандардың арқасында мұнда аптап сирек болады.

Мамыр

Ауа температурасы +18…+20 градусқа дейін көтеріледі. Суға шомылуға әлі ерте, бірақ бұл серуендеуге, жорықтарға шығуға және шипажайларда демалуға қолайлы уақыт.

Маусым

Жазғы маусым басталады. Күндіз ауа температурасы +24 градус шамасында болса, көлдегі су +18…+20 градусқа дейін жылиды. Жағажайлар, қайық станциялары мен жазғы дәмханалар ашылады.

Шілде

Ең танымал ай. Ауа температурасы +25 градус шамасында сақталады, су шомылуға қолайлы болады - +22…+24 градус.

Тамыз

Ауа райы жылы қалпында сақталады - шамамен +23 градус. Шомылу маусымы жалғасады, дегенмен кешкісін ауа райы салқындай бастайды.

Қыркүйек

Мақпал маусым басталады. Ауа температурасы шамамен +17 градусқа дейін төмендейді. Шомылатындар аз, бірақ туристер саны айтарлықтай азайып, орман күзгі түске боялады.

Фото: depositphotos.com

Мамыр +20 градусқа дейін
Маусым +24 градусқа дейін көтеріледі
Шілде +25 градус температура шамасында
Тамыз +23 градусқа дейін түседі
Қыркүйек +17 градусқа дейін төмендейді

Бурабайға қалай жетуге болады: такси, пойыз және автокөлік бағасы

Бурабай курорты Астанадан шамамен 250 шақырым және Көкшетаудан 95 шақырым жерде, Щучинск қаласына жақын орналасқан. Оған бірнеше тәсілмен жетуге болады:

  • жеке автомобильмен: ақылы автомагистраль арқылы жол шамамен 2,5–3 сағатты алады. Тек бензинге ғана шығындаласыз.
  • таксимен: танымал қосымшалар арқылы Астанадан жеңіл көліктің толық салонын жалдау 25 000 теңге болса, басқа жолаушылармен бірге бару (бір адамға) небәрі 6 000 теңгені құрайды.
  • пойызбен: екі жаққа билет құны бір адамға 8 000–16 000 теңге аралығында болады (сома пойыз түріне - қарапайым немесе "Тальго" - байланысты).

Фото: depositphotos.com

Қайда тоқтауға болады және демалыс қанша тұрады?

Ақмола облыстық туризм басқармасы осы маусымдағы демалыс құны қанша болатынын айтып берді:

  • эконом-нұсқа: қарапайым нөмірлер немесе үйшіктер 15 000-нан 25 000 теңгеге дейін тұрады. Тамақтану бұл құнға кірмейді - жергілікті дәмханаларда отбасы үшін күніне үш мезгіл тамақтануға тағы 15 000–20 000 теңгедей қажет болады.
  • орташа чек: отбасылық демалыс базаларында немесе үш жұлдызды қонақүйлерде тұру үшін 35 000-нан 60 000 теңгеге дейін сұрайды. Әдетте бұл бағаға таңғы ас, ал кей жерлерде үш мезгіл тамақ кіреді.
  • премиум-сегмент: төрт және бес жұлдызды қонақүйлерде бір тәулік тұру 90 000-нан 140 000 теңгеге дейін ауытқиды. Бұған абаттандырылған жабық жағажайлар, бассейндер мен спа-аймақтар кіреді.

Бурабайда нені көруге болады: Бөлектау тауы мен Жұмбақтас жартасы

Бөлектау тауы

Бурабайдағы ең танымал бақылау алаңдарының бірі. Тауға шығу шамамен 20 минутты алады, есесіне жоғарыдан бірден бірнеше көл мен әйгілі Жұмбақтас жартасының панорамалық көрінісі ашылады.

Жұмбақтас жартасы

Бурабайдың нышандарының бірі. Әр түрлі жағынан қарағанда жартас әр қилы бейнелерді еске түсіреді, сондықтан оны жиі курорттың басты табиғи жұмбақтарының бірі деп атайды.

Абылай хан алаңы

Аңыз бойынша, Әбілмансұрды ақ киізге көтеріп, хан сайлаған тарихи орын.

Фото: 2GIS/Steppe Daddy

Бурабайға өзіңізбен бірге не алу керек: қажетті заттар тізімі

Мұнда ауа райы тез өзгереді, сондықтан алдын ала дайындалған жөн. Заттар тізіміне мыналарды қосқан дұрыс:

  • орман аралап серуендеуге арналған табаны тайғанамайтын ыңғайлы кроссовка;
  • жылы киімдер (худи, желбегей);
  • күннен қорғайтын көзілдірік және SPF кремі;
  • маса мен кенеге қарсы құралдар.

Егер демалыс күндеріне сапар жоспарласаңыз, тұратын жерді алдын ала брондаған жөн. Шілде және тамыз айларында демалыс базалары мен қонақүйлерге сұраныс дәстүрлі түрде жоғары, сондықтан соңғы сәтте бос орындар болмай қалуы мүмкін.

Қазір Қазақстанда жазғы маусымның нағыз қызған шағы. Егер сіз әлі де демалыс бағытын таңдап жүрсеңіз, Tengri Travel Қапшағай,, Алакөл, және Балқаш бойынша өзекті бағалар, бағыттар мен саяхатшыларға арналған кеңестері бар толық гидтерді дайындап қойды.

Тағы оқыңыз: 2026 жылғы Ыстықкөлдегі демалыс: сапар алдында нені білу керек?

;