Түркиядағы демалыс қымбаттай түсуі мүмкін

ПОДЕЛИТЬСЯ

Түркиядағы демалыс қымбаттай түсуі мүмкін Фото:depositphotos.com/ antonaleksenko82.gmail.com

Түркияға сапарлау туристер үшін бұрынғыдан да қымбатқа түсуі мүмкін. Ыстамбұлдағы қоғамдық тамақтану саласындағы бағаның үздіксіз өсуі аясында қоғамдық көлік пен такси тарифтері де көтерілді. Tengri Travel басылымының хабарлауынша, қалалық муниципалды кеңестің шешімінен кейін жаңа бағалар 20 шілдеден бастап күшіне енді.


Ыстамбұлда такси бағасы қаншалықты қымбаттады?

Haberturk мәліметінше, Ыстамбұлда қоғамдық көлік пен такси тарифтері шамамен 10 пайызға өскен.

Баға көтерілгеннен кейін таксимен жүрудің бастапқы құны 71,94 түрік лирасына (шамамен 720 теңге), бір шақырым жолдың бағасы 47,92 лираға (шамамен 480 теңге), ал қысқа қашықтыққа жүрудің минималды құны бұрынғы 210-ның орнына 230 лираға (шамамен 2300 теңге) жетті. Сондай-ақ күту тарифі сағатына 598,90 лираға (шамамен 6000 теңге) дейін ұлғайды.

Жаңа бағалар 20 шілдеден бастап қолданысқа енді.

Егер демалыс кезінде таксимен жүруге дағдыланған болсаңыз, көлік шығындары біраз артуы мүмкін.

Бұл демалысқа әсер ететін алғашқы қымбатшылық емес

Тарифтердің көтерілуі туристік саладағы басқа да өзгерістермен тұспа-тұс келді. Бұған дейін Түркияның Сауда министрлігі мейрамханалар мен дәмханаларға қызмет көрсету ақысы мен басқа да міндетті сервистік төлемдерді шотқа автоматты түрде қосуға тыйым салған болатын. Билік мұны тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен және баға белгілеудің ашықтығымен түсіндірді.

Алайда мейрамхана бизнесінің өкілдері мұндай төлемдерден бас тарту мәзірдегі бағаның өсуіне әкелуі мүмкін екенін ескерткен еді. Бодрумдағы Бизнес иелері қауымдастығының (POYD) өкілі Йигит Гиргин сол кезде мекемелер азайған табыстың орнын тағамдар мен сусындардың құнын көтеру арқылы толтыруы мүмкін екенін мәлімдеген.

Кейінірек мейрамхана саласының қызметкерлері ерікті электронды шайпұл (чаевые) жүйесін заңды түрде бекіту бастамасын көтерді, бірақ бұл мәселе бойынша әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.

Бұл туристер үшін нені білдіреді?

Осылайша, Түркиядағы саяхатшылардың шығыны бірден бірнеше бағыт бойынша біртіндеп артуы мүмкін. Егер бұрын мейрамхана бизнесінің өкілдері тамақтану бағасының ықтимал өсуі туралы ескертсе, енді Ыстамбұлда жүріп-тұру шығындары да ресми түрде өсті.

Сапарды жоспарлау кезінде туристерге тек тұру құнын ғана емес, сонымен қатар көлік пен тамақтануға жұмсалатын күнделікті шығындардың артуын да ескерген жөн.

Тағы оқыңыз: “Өзімді бөтен сезінбеймін“: 74 жастағы әжей Түркияда өзін не таңғалдырғанын айтып берді

;