Жақында Түркияда парапланмен ұшып, әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударған 74 жастағы қазақстандық Рзақүл Жәнібекова Tengri Travel тілшісіне саяхаттан алған әсерін бөлісіп, бұл елде не нәрсені ерекше бағалайтынын айтып берді. Ол қызы және немересімен бірге Фетхие мен Өлі теңізде демалып қайтты, сонымен қатар жолға шығуды жоспарлап жүргендерге бірнеше кеңес берді.
Отбасы неге Түркияны таңдады
Қызы Гүлшат Жаналинаның айтуынша, отбасылық саяхат жасау идеясы Таиландтағы қысқы демалысты ұйымдастыру сәтсіз аяқталғаннан кейін туындаған.
"Жалпы, анам екеуміз теңізі де, орманы да бар жерде демалуды бұрыннан армандайтынбыз. Қыста Таиландқа баруды жоспарлап, алғаш рет турагент қызметіне жүгінуді жөн көрдік. Мұны сәтсіз тәжірибе деп айтуға бола ма, білмеймін, бірақ процесс екі аптаға жуық созылып кетті: қонақүйді брондау рәсімделмеді, сондықтан соңында ақшамызды қайтарып алдық", - деді ол.
Осыдан кейін отбасы демалысты Түркияда өткізуге шешім қабылдаған. Фетхиенің таңдалуы тегін емес.
"Жақында құрбыммен Дубайдан оралғаннан кейін табиғатқа деген сағынышымды ерекше сезіндім. Оның үстіне анама міндетті түрде саяхатқа шығатынымыз туралы бұрыннан уәде бергенмін. Нұсқаларды талқылай бастағанда, мен Фетхиені ұсындым. Сол сәтте анам әлеуметтік желіден Бабадағ тауының басындағы, тура бұлттардың арасында орналасқан мейрамхананы көргенін және сонда баруды армандайтынын айтты. Мен бұл жердің дәл Фетхиеде екенін айтқанда, қалауымыз бір жерден шықты", - деп бөлісті ол.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Өзімді жат сезінбеймін": қазақстандықты Түркияда не таңғалдырды?
Саяхатшының айтуынша, Түркия ол үшін бұрыннан өзін жайлы сезінетін елге айналған.
"Түркияға жиі келіп тұрамын. Кейде мұнда жылына бірнеше ай боламын, өйткені бұл елде өзімді жат сезінбеймін. Неге екенін білмеймін, бірақ маған қарапайым түрік халқымен араласқан, шүйіркелесіп сөйлескен, олардың хикаяларын тыңдап, өзімдікін бөліскен өте ұнайды", - деп атап өтті ол.
Оған әсіресе Өлі теңіз қатты әсер еткен.
"Өлі теңіз туралы айтар болсам, бұл жер мен үшін жан тыныштығының, асқақ таулардың, мөлдір теңіздің, ақкөңіл адамдар мен дәмді асхананың керемет үйлесімі. Ең тамаша нәрсенің бәрі осы бір жерге жиналған", - деді ол.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Мұндай демалыс қанша тұрды?
Әже үшін жол оңай болған жоқ: отбасы алдымен Антальяға ұшып келіп, кейін Өлі теңізге жол тартқан. Дегенмен, Гүлшаттың айтуынша, қазір Қазақстаннан Даламанға тікелей рейстердің арқасында туристерге жету ыңғайлырақ болды.
"Мен үшін жол қиын көрінген жоқ, бірақ әже үшін сапар біршама ұзаққа созылды. Біз Антальяға ұшып келіп, кейін Өлі теңізге аттандық. Алайда қазір Астана мен Алматыдан Даламанға тікелей рейстер ашылған, сондықтан болашақ туристерге мұнда келу әлдеқайда ыңғайлы болады. Даламаннан Фетхиеге дейін небәрі бір сағаттық жол", - деді ол.
Саяхатшының айтуынша, шығын екі миллион теңгеден асқан.
"Шығын екі миллион теңгеден асты. Бұған ұшу билеттері, тамақтану, теңіз экскурсиялары, парапланмен ұшу және басқа да ойын-сауықтар кіреді", - деп атап өтті ол.
Ең қымбаты үш адамға арналған әуебилеттері болса, қазақстандық саяхатшы ең сәтті сатып алулардың қатарына жергілікті шеберлердің шыныдан жасаған әшекейлері мен қолдан жасалған сөмкелерін жатқызды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Парапланмен ұшу - бұрынғы арманның орындалуы
Саяхаттың ең жарқын сәттерінің бірі парапланмен ұшу болды. Осыдан кейін 74 жастағы қазақстандық кейуананың видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.
Қызы Алма Жаналинаның айтуынша, бұл шешім толықтай саналы түрде қабылданған.
"Парапланмен ұшу - тек анамның өз бастамасы болды. Ол әрқашан белсенді өмірлік ұстанымымен, білуге құмарлығымен және жаңа әсерлерге деген құштарлығымен ерекшеленетін. Ұшу мүмкіндігі туғанда, анам еш ойланбастан келісті. Бұл оның өз бетінше қабылдаған саналы шешімі еді", - деді ол.
Сонымен қатар Гүлшат Жаналина мұндай сыйлық жасау идеясын қызы Фатима ұсынғанын нақтылады.
"Түркияның Фетхие қаласына келгенде, мен анама: "Бірге парапланмен ұшуға қалай қарайсыз?" - дедім. Ол бұл идеяны бірден қолдап, еш күмәнсіз келісті. Негізінде бұл ойдың бастамашысы қызым Фатима болатын. Әжесіне осындай жарқын әрі ұмытылмас әсер сыйлауды сол ұсынды", - деді ол.
Рзақүл Жәнібекованың өзі ұшуды көптен бері армандағанын мойындады.
"Парапланмен ұшу - көптен бергі арманым еді. Аспандағы парапландарды көргенде, сол арманым бірден есіме түсіп, менің де байқап көргім келетінін айттым. Олар мені қолдап, еш ойланбастан осы ұшуды ұйымдастырып берді. Қорқыныш болған жоқ - керісінше, балаша қуанып, ерекше сезімге бөлендім. Көкке көтерілгенде сөзбен айтып жеткізгісіз эмоцияларды бастан өткердім. Ал жерге қонған соң, көптен күткен арманымның орындалғанына ұзақ уақыт сене алмай жүрдім. Көңіл күйімнің көтеріңкі болғаны сонша, еріксіз Шәмші Қалдаяқовтың "Құстар әні" әнін шырқадым", - деді зейнеткер.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Қандай ойын-сауықтар ерекше есте қалды?
Парапланмен ұшудан бөлек, отбасы теңізде серуендеуге шыққан.
"Ұшу құны - шамамен 100 доллар, бірақ алған эмоцияны, естеліктер мен өз қорқынышыңды жеңу сезімін ақшамен бағалау мүмкін емес. Сондай-ақ бізге шағын қайықпен (Tekne Tour) жасалған теңіз серуені қатты ұнады, ол шамамен 15 мың теңгеге шықты. Біз ерекше бірдеңе күткен жоқ едік, бірақ анам мен әжем керемет әсер алып, жаны демалды", - деді Гүлшат.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Жиһангез туристерге қандай кеңес берді?
Қазақстандықтың пікірінше, Түркияның туристік аймақтарына баратындар билет құнын, оның ішінде чартерлік рейстерді алдын ала салыстырғаны жөн.
"Түркияның туристік қалаларына саяхатты жаңадан жоспарлап жүргендерге чартерлік рейстерге назар аударуға кеңес берер едім - кейде олардың билеттері әлдеқайда тиімді болады. Сапарды алдын ала жоспарлаңыз, бірақ жас болсаңыз, міндетті түрде кездейсоқ әрекеттерге де орын қалдырыңыз: бағытсыз серуендеңіз, көшелерді зерттеңіз, адамдармен танысыңыз, жергілікті мәдениетке қызығушылық танытыңыз. Дәл осындай сәттер көбіне ең құнды естелікке айналады", - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ ол ұзақ демалыс кезінде көрші қалаларды аралауды ұсынды, дегенмен бір жерде тыныш тынығудың да өз артықшылықтары бар екенін айтады.
"Аспанға, ағаштарға және теңізге қараңыздар"
Сапар барысында Гүлшат анасы мен әжесіне ерекше талап қойды - тым болмаса қысқа уақытқа телефоннан бас тарту.
"Осы сапар кезінде анам мен әжеме қойған басты талаптарымның бірі - телефонды сәл де болса ұмытып, сол сәтті сезініп үйрену болды. Асықпау. Неге екенін білмеймін, бірақ маған қазақтар үнемі бір жаққа асығып жүретіндей көрінеді. Мен оларға үнемі: "Аспанға қараңыздаршы, ағаштарға қараңыздаршы, теңізге қараңыздаршы" деп айтып отырдым. Кейде өзімді қыз бен немере емес, олардың анасы сияқты сезіндім, дәл осы себепті бізде қызықты әрі жылы сәттер көп болды", - деді ол.
Саяхатшының айтуынша, бір-бірімен тілдесу демалыстың ең басты естелігіне айналған.
"Бұл сапардағы ең құнды дүние көрікті жерлер мен экскурсиялар емес, анаммен және әжеммен бірге өткізген уақыт болды. Біз көп күлдік, таңғы ас кезінде ұзақ әңгімелестік, бұрын айтылмай келген оқиғаларды бөлістік, бір-бірімізге ішкі тебіреністеріміз бен армандарымызды аштық. Мұндай сәттерде әрбір ана мен әженің ішінде өзіндік тілектері, үміттері мен армандары бар кішкентай қыз бала өмір сүретінін түсіне бастайсың", - деп бөлісті ол.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Саяхатшы сапардан кейін неге өкінді?
Гүлшаттың айтуынша, саяхаттан кейін оның аздап өкінетін жалғыз нәрсесі - осы уақытқа дейін көлік жүргізуді үйренбегені.
"Әсіресе таулы жерлерде көліктің болуы мүлдем басқа мүмкіндіктер ашады: тауға өз бетіңше шығуға, көрші қалаларды зерттеуге және өз қарқыныңмен саяхаттауға болады. Көлікті жалға алу сапарға ерекше еркіндік сыйлайды және оны одан әрі мазмұнды ете түседі деп ойлаймын. Келесі саяхатқа, бәлкім, көлік тізгінінде шығармын", - деп түйіндеді ол.
Тағы оқыңыз: Жазда қайда баруға болады: қазақстандықтарға 10 танымал бағыт