Еуропалық Одақта әуе сапарларына арналған жаңа ережелер талқыланып жатыр. Негізгі өзгерістердің бірі - қолжүгі билеттің базалық құнына енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Tengri Travel.
Нені өзгертпек?
Politico ақпаратынша, ЕО-да қолжүгін тасымалдаудың жаңа ережелері бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Бастапқыда сөмке өлшемдерінің бірыңғай стандарттарын енгізу және қолжүгі үшін бөлек ақы алуға тыйым салу нұсқасы талқыланған болатын. Алайда кейінірек бұл тәсіл өзгерді.
Енді басқа схема қарастырылып жатыр: әуекомпаниялары қолжүгі мен жеке заттардың құнын бірден билеттің базалық бағасына қосуға міндеттеледі.
Жолаушылар үшін бұл қалай жұмыс істейді?
OneMileAtTime сарапшыларының айтуынша, қолжүгі үшін төлем толығымен алынып тасталмайды. Тек қағиданың өзі өзгереді:
- базалық тарифке қолжүгі алдын ала қосылады;
- билет сатып алу кезінде жолаушы одан бас тартып, жеңілдік ала алады.
Яғни, қисын керісінше болады: "жүк үшін үстеме ақы төлеу" емес, "жеңіл ұшсаң, арзанырақ төлеу".
Бұл ретте лоукостер моделі сақталады: бюджеттік әуе компаниялары бұрынғысынша қол жүгінсіз арзан билеттер ұсына алады.
Жаңа ережелер қашан енгізілуі мүмкін?
Politico егер жобаны ЕО елдері мақұлдаса, оны келісу комиссиясы бекітуі тиіс екенін жазды. Оның құрамына Еуропарламент депутаттары мен мемлекеттер өкілдері кіреді.
Бұны 15 маусымға дейін іске асыру жоспарланып отыр.
Одан кейін заңдық рәсімдеу мен іске қосу үшін шамамен бір жыл уақыт қажет болады. Содан кейін жаңа ережелер Еуроодақ елдерінде біртіндеп енгізіле бастайды.