Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Шешенқара ауылының тұрғындары су тартылғанымен, оның ішуге жарамсыз екеніне шағымданып жатыр, - деп хабарлайды Qazaqstan.tv.
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Шешенқара ауылының тұрғындары су тартылғанымен, оның ішуге жарамсыз екеніне шағымданып жатыр, - деп хабарлайды Qazaqstan.tv.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, қазылған 10 ұңғыманың жетеуінде судың сапасы талапқа сай емес. Себебі оның маңында қоқыс полигоны мен мазар орналасқан.
Телеарна мәліметінше, биыл мемлекеттік бағдарламамен 230 миллион теңгеден аса қаражат бөлініп, елді мекенге орталық су құбыры тартыла бастады. Алайда ұңғыма орналасқан жер жұрттың наразылығын тудырды. Оның үстіне небәрі 9 метр тереңдікте қазылған құдықтың суы сапалы болатынына күмән көп дейді.
"Бейіт 350 метр жерде, арғы жағында 600 метр жерде қоқыс полигоны тұр. Қасында 80 метр жерде Нұра өзені ағып жатыр. Жерасты суы да, үстінен аққан көктемдегі су да түгел Нұраға құйылады. Осы ауылдың барлығында бар ондай құдық", - дейді жергілікті тұрғындардың бірі Амантай Ахметов.
Мамандардың айтуынша, бастапқыда жобаның топонимикалық түсірілімі дұрыс жасалмаған. Онда зират та, полигон да көрсетілмеген. Ал жобаны қайта өзгерту үшін тапсырыс беруші, мердігер мен техникалық және авторлық бақылаушы мамандардың келісімі керек. Оның үстіне қаражат та қажет дейді.
Тұрғындардың шағымынан кейін құзырлы орган тұрғындарға бес күн ішінде тексеріс жүргізуге уәде берді.
"Тұрғындар жиналып бізге өтініш бере алады. Немесе сол қызмет көрсетуші орган өтініш бере алады. 5 күн ішінде тексеріп, біз санитарлық талаптарға сай, сай емес екені туралы қорытынды шығарамыз", - дейді Аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Санжар Иристаев.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!