Әлеуметтік желілерде Атырау облысының Жылыой ауданындағы әскери техниканың фото және видеосы тарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстанның батысында әскери техниканың пайда болуы желі қолданушыларының арасында сұрақ туғызды. Техниканың қозғалысы жоспарлы оқу-жаттығулар мен жауынгерлік дайындық шараларына байланысты екені белгілі болды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің, соның ішінде теміржол көлігі арқылы орын ауыстыруы жауынгерлік даярлық іс-шаралары аясында жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта бөлімшелердің мобильділігін арттыру, өзара үйлесімділігін жетілдіру және белгіленген міндеттерді орындауға дайындығын арттыру, соның ішінде маңызды объектілер мен аудандарды қорғау мәселелері пысықталып жатыр", - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомство мәліметінше, мұндай іс-шаралар Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығының тұрақты тәжірибесі болып табылады және бекітілген жоспарларға сәйкес өткізіледі.
БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпау және тек ресми дереккөздерге сүйену сұралды.