Журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Файзолла Оразаев өз кітапханасының бір бөлігін Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияға сыйға тартты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Ғалым өзі қатарлы зиялылардың бәрін үйде сақтаулы тұрған кітаптарды мектептер мен кітапқа мұқтаж басқа да орындарға тапсыруға шақырады.
Журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Файзолла Оразаев өз кітапханасының бір бөлігін Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияға сыйға тартты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Ғалым өзі қатарлы зиялылардың бәрін үйде сақтаулы тұрған кітаптарды мектептер мен кітапқа мұқтаж басқа да орындарға тапсыруға шақырады.
№159 гимназияға табыс етілген кітаптардың арасында қазақтың батырлық жыр-дастандары, "Бес ғасыр жырлайды" жинағы, Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастаны, Немат Келімбетовтің "Ежелгі дәуір әдебиеті" оқулығы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалар жинағы, Мағжан Жұмабаевтың шығармалар жинағы, Қаныш Сәтпаевтың "Ұрпақ сыры" кітабы, Мұхтар Шахановтың "Желтоқсан эпопеясы" романының бірінші томы, Шәмші Қалдақовтың өмірі мен шығармашылығы туралы кітап және қазақ әдебиеті тарихы мен сынына қатысты басқа да құнды еңбектер бар.
"92-жылдан бері қарайғы жаңа дәуірде біраз кітап шықпай қалды. Біраз көне кітап жұрттың үйінде қалды. Кітап үйде қалмауы керек, кітап халық үшін шығарылады. Бұрын жазушылар шығарған кітабы үшін қаламақы алатын. Қазір ол жоқ, керісінше, кішкентай дүниесін шығару үшін қыруар ақша төлеуі керек. Тарихшы, жазушы, гуманитарлық ғылым адамдары халықтың тарихынан, мәдениетінен қозғап, бүгінгісімен байланыстырып жазатын. Бүгінде ондай жоқ. Қазіргі қайраткерлер не жазарын білмейді, өйткені идея жоқ. Қой да - ақын, қойшы да - ақын. Бәрі жазады да жатады. Осындайдан сақ болу үшін өзімнің қолымда бар, баяғыда шыққан кітаптарды үш үлкен жәшікке салып, қазақтың гимназия дәрежесіндегі маңдайалды білім орындарының бірі - 159-мектепке өткізуді ұйғардым. Бұл - қазақтың тіліне, мәдениетіне деген тартуым", - дейді көрнекті ғалым.
Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова ғалымның сыйлығына риза болып, алғысын білдірді. Оның айтуынша, қазір гимназияда 1300-ден астам оқушы білім алып жатыр. Мектеп кітапханасында оқулықтардан бөлек, көркем әдебиет қоры бүгінде 9000 кітаптан асады. "Файзолла Оразаев сыйлаған кітаптардың қай-қайсысы болсын, құнды. Ол үшін алғыстан басқа не айтуға болады?! Бұл - ол кісінің мектепті ойлауы, балалардың жан-жақты білім алуын ойлағаны. Келешек ұрпақ ғылымға-білімге құштар болсын деп жанашырлық танытып жатқан ғалымға шексіз ризамыз", - деді ол.
Сексенге таяған Файзолла Оразаев мұның алдында өз кітапханасының тағы бір бөлігін Ғылым академиясының сирек кітаптар бөліміне тапсырған. Олар: дүниежүзі баспаларынан шыққан әдебиеттер, Абай шығармаларының толық жинағы, Омар Хайям поэзиясының бірнеше тілдегі аудармасы топтастырылған кітап - оның ішінде, ғалымның өз аудармасы да бар, әл-Фарабидің трактаттары және басқа да дүниелер. "Мақсатым – "өмірім өтіп барады, ол кітаптардың маған не керегі бар" деген ой емес, көзімнің тірісінде халыққа құнды еңбектерді беріп кету. Біз, ақсақалдар, біразымыз кезінде оның керегін пайдаландық, қазір енді біз көп жазып жатқан жоқпыз, сондықтан оларды мектептерге өткізуіміз керек, ол үшін тиын алмауымыз қажет, мен мұны үнемі өзгелерге айтып жүремін. Сонда балалар оны келешекте оқиды, халықтың тарихын, мәдениетін, сыр-сипатын байқайды", - дейді Оразаев. Ғалым келешекте өз қорындағы тағы біраз кітапты әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің кітапханасына тарту етпекші. Олардың арасында араб-парсы тілдеріндегі көне еңбектер мен дүниежүзі драматургтерінің шығармалары бар.
Файзолла Оразаев - қазақ әдебиеті мен тілінің, театр мен журналистиканың өзекті мәселелеріне арналған көптеген ғылыми еңбектің авторы. Ол түрлі қазақ баспасөзінде әдеби қызметкер, "Қазақфильм" киностудиясында аға редактор, Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі және Алматы халықаралық мамандықтар институтында ректор болды. Орыс, өзбек жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударды.