Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы қанша? Мәжіліс кулуарында қаржы министрі Мәди Такиев нақты соманы атады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы елімізге 600 миллион доллар көлемінде қарыз беру туралы келісімді ратификациялады.
Палата кулуарында журналистер министрден Қазақстанның қарыз қоржыны қандай екенін нақтылап сұрады. Такиевтің айтуынша, қазір ол 3,5 триллион теңгені құрайды. Бұл ретте биыл үкімет бюджеттен 115 миллиард теңге үнемдей алған.
"Квазимемлекеттік секторды қосқанда, бізде қолданыста жалпы қанша қарыз бар?" - деп сұрады журналистер.
"Біз квазимемлекеттік секторды есептемейміз, бізде мемлекеттік, үкіметтік қарыз 17 миллиардты немесе ЖІӨ-нің 4,5 пайызын құрайды. Бұл тіпті көршілес елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен", - деді Мәди Такиев.
Шенеуніктің сөзінше, квазимемлекеттік компаниялардың қарызы бұл көрсеткішке кірмейді, себебі "олар қарызды өздері алып, өздері өтейді".
"Тағы да қайталап айтамын: сыртқы қарыз 17 миллиард долларды немесе ЖІӨ-нің 4,5 пайызын құрайды. Қалған барлық қарыз үшін біз жауапты емеспіз. Олар бойынша мемлекеттік кепілдіктеріміз жоқ", - деп толықтырды қаржы министрі.
Бұған дейін қаржы министрлігінің басшысы Қазақстан халықаралық банктерден алған 600 миллион доллардың қайда жұмсалатынына қатысты сауалға жауап берген болатын. Оның айтуынша, жаңа қарыз нақты бір инфрақұрылымдық немесе әлеуметтік жобаға байланбаған. Қаражат бюджет тапшылығын қаржыландыруға және мемлекет қарастырған шығыстарды қамтамасыз етуге бағытталады.