Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуден кейін депутаттарға тапсырма берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуден кейін депутаттарға тапсырма берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген кеңесі өтті. Бұл - елдегі саяси өзгерістерден кейін болған ең ауқымды кеңес. Кеңейтілген отырысқа алғаш рет парламенттік фракциялар мен комитет жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары қатысты. Осы жиында Президент әлеуметтік әрі экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді жан-жақты айқындап берді. Халқымыз қолға алынған реформаларға зор үміт артып отырғанын, елде нақты іс-шараларға басымдық беру қажет екенін баса айтты. Елдегі оң өзгерістердің түпкі мақсаты мен мәні - азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл іске біз де белсене атсалысуға тиіспіз", - деді Е.Қошанов.
Сонымен қатар, Қошанов Мәжіліс депутаттарына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
"Біріншіден, реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету - біздің тікелей міндетіміз. Ол заңдар заман талабына, қоғам сұранысына сай әрі сапалы болуы қажет. Екіншіден, Парламентте, мәслихаттарда, ең алдымен, сайлаушылардың мүддесі ескеріліп, қорғалуы керек. Бұған кеше Президент те ерекше тоқталды.
Үшіншіден, атқарушы билікпен конструктивті диалог орнатып, барлық түйткілді мәселені ашық талқылап, жедел шешім жасауды тәжірибеге әрі дәстүрге айналдыру қажет. Бұл өз кезегінде билік тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуіне жол ашады. Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ол үшін біз Үкіметті күтіп қана қоймай, қажетті заңнамалық өзгерістердің қорғаушысы және бастамашысы болуымыз керек", - деді Қошанов.
Қошанов депутаттарға күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге жедел, сауатты және үлкен жауапкершілікпен жауап беруді тапсырды.
"Біз күн сайын, үздіксіз, сайлаушылармен және қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеуіміз керек. Бұл үшін біздің тәжірибеміз де, мүмкіндіктеріміз де жеткілікті. Халық пен Мемлекет басшысының бізден күтетіні - осы", - деп түйіндеді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!