Қостанай облысындағы темір рудасын өндіретін Қашар кен орнынан осыдан 30 миллион жыл бұрын өскен ағаш қалдығы табылды, - деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы.
Қостанай облысындағы темір рудасын өндіретін Қашар кен орнынан осыдан 30 миллион жыл бұрын өскен ағаш қалдығы табылды, - деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, адам құшағы жетпейтін алып ағаштың діңі жақсы сақталған. Себебі жүздеген метр жер қыртысында жатып, уақыттың әсерімен тасқа айналған. Ағаш діңінің ұзындығы 6 метр көлемінде. Ал діңінің жуандығы екі метрден асады. Салмағы шамамен екі тоннадай.
Қашар кенішінде темір рудасын өндіру үшін жер қыртысы теңіз деңгейінен 650 метр тереңдікке дейін қазылады. Мамандардың айтуынша, көне дәуір жәдігерлері 100 метрдей төмен түскенде кездесе бастайды. Мысалы бұған дейін бірнеше рет ағаштың ұсақ жаңқалары табылған. Ал бүтін, бұзылмаған діңі кен орнының тарихында бірінші рет кездесіп отыр екен.
"Экскаватор машинисті оны карьердің солтүстік шығыс бөлігінде 150 метр тереңдіктен тапқан. Сосын өзінің тікелей басшыларына хабарлайды. Олар жұмысты уақытқа тоқтатып, көне жәдігерді арнайы техниканың көмегімен сыртқа шығарған", - дейді кен орнының қызметкері Александр Мальцев.
Кен орнының геологы Георгий Иваньков ежелгі ағаш діңін алғаш зерттегендердің бірі. Жәдігердің болжамды жасы мен қандай түрге жататынына да әзір тек осы жергілікті мамандар анықтама беріп отыр.
"Біз өзіміз жәдігер табылған жер қыртысының жасы арқылы ағаштың жасын шығардық. Ал геология тарихына жүгініп оның қандай түрге жататынын болжадық. Бұл мұз дәуіріне дейін өскен гинкго немесе саквойя болуы мүмкін", - дейді маман.
Телеарна мәліметінше, жәдігер көне дәуірге жатады. Ал оның жасы мен түрін нақтылау үшін палеонтолог мамандар тыңғылықты зерттеу жүргізуі қажет екен. Бірақ әзірге ешбір ғылыми орталық Қашардан табылған тас ағашқа қызығушылық танытпапты.
Сондықтан кен орнының өзге де жәдігерлерімен бірге ашық аспан астында тұр. 2019 жылы осы кен орнынан 5 миллион жыл бұрынғы балықтың тасқа айналған қаңқасы табылған. Кейін ол Алматы қаласындағы табиғат мұражайына қойылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!