Қостанай облысында аудан әкімінің орынбасары суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Алау басылымы.
Қостанай облысында аудан әкімінің орынбасары суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Алау басылымы.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Боровской ауылының тұрғындары осы аудан орталығы маңында орналасқан көлге жиі түседі екен.
Тамыз айының ыстық күндері ауыл тұрғыны, егде жастағы әйел жағалаудан алыс кетіп, қайтып келе алмаған. Содан "құтқарыңдар" деген дауысты сол маңайда жүрген Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары Құрманғазы Сәдуақасов естіп, әйел адамға көмекке асыққан. Сол уақытта әйел әзер дегенде су бетінде қалқып тұрған екен.
"Мен көлдің жағасында болғанмын. Шомылушылар арасынан егде жастағы әйелді байқадым, ол жағадан біраз ұзап кетіпті. Содан кейін судың шолпылдағанын және құтқарыңдар деген дауысты естіп, бірден суға қарай ұмтылдым", - дейді әйелді дер кезінде құтқарып қалған шенеунік.
Айта кетейік, ішімдік ішкен әйел өз күшін есептей алмай, тұншығып қала жаздаған. Абырой болғанда, жақын жердегі құтқарушылар әйелге алғашқы көмек көрсеткен. Аудандық аурухананың қызметкерлері зардап шегушіге қажетті медициналық көмек көрсеткен. Бірақ оны ауруханаға жеткізу қажеттілігі тумапты.
Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментіндегілер тұрғындардан суға түскен кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.