Қостанай мектептерінің бірінде Манту сынамасынан кейін бала қайтыс болды деген хабарлама тарап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қостанай мектептерінің бірінде Манту сынамасынан кейін бала қайтыс болды деген хабарлама тарап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қостанайлықтар мессенджерлерде баланың өлімі туралы аудиохабарламаны белсенді түрде таратып жатыр. Аудиохабарламада оқиға мектепте Манту сынамасы жүргізілгеннен кейін болғаны айтылады. Онда ер адам Қостанайдағы мектептердің бірінде балаларға жасырын түрде вакцина егілгенін айтады. Болжам бойынша, бір бала вакцинациядан кейін қайтыс болған, тағы бірнешеуінің жағдайы ауыр екені айтылады.
"Бүгін балаларға екпе салынды, олардың айтуынша "Манту". Юркамен бір сыныпта бір бала оқитын... Оған екпе салған, үйіне келгенде жағдайы нашарлап, дене қызуы 40 болды, жансақтауға алып кетті, бала қайтыс болды. Ол тоғыз жаста, екпе алғаннан қайтыс болды, тағы үшеуі ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Қостанайдағы №7 мектепте болды", - дейді ер адам.
Өңірдегі Денсаулық сақтау басқармасы хабарламаға қатысты бірден жауап берді. Хабарлама жалған екені белгілі болды.
"Құрметті отандастар, бұл жалған ақпаратты таратуды тоқтатуға шақырамын. Қазақстанда балаларға коронавирусқа қарсы екпе жасалмайды. №7 мектепте екпеден кейін бала өлімі болғаны және балалар ауыр жағдайда екені туралы ақпарат - жалған", - деді департамент өкілі.
Енді аудиохабарлама авторын жалған ақпарат таратқаны үшін полиция іздестіреді.
"Факт бойынша ҚР ҚК-нің 274-бабында көзделген "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша соталды тергеу басталды. Полицейлер жалған хабарламалар мен әлеуметтік желілердегі жазбалар үшін қылмыстық жауапкершілік барын ескертеді", - дейді департаменттегілер.
Ер адам енді үш миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуі немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылуы мүмкін, сонымен қатар, ол төрт жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы немесе бір жылға дейін бас бостандығынан шектелуі немесе қамалуы мүмкін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!