ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев бастаған қазақстандық делегация Вашингтондағы Зорлық экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі саммитке қатысты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев бастаған қазақстандық делегация Вашингтондағы Зорлық экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі саммитке қатысты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақ үйдің бастамасымен өткен саммитке дүниежүзінен 60-тан аса делегация, соның ішінде мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, азаматтық қоғамның өкілдері, сарапшылар, дінбасылар және жастар қатысты. Саммиттің ашылу салтанатында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри және БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун сөз сөйледі. Форумның бірінші сессиясынан соң АҚШ Президенті Барак Обама баяндама жасады.
Форумның басты мақсаты - Зорлық экстремизмге қарсы іс-әрекет жоспарын әзірлеу, бұл жоспар БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекет басшыларының кездесуінде қабылдануы тиіс.
"Форумда сөз сөйлеу барысында Асхат Дауылбаев зорлық экстремизмнің барлық түрлерінің алдын алу және оларға қарсы күресуде әлемнің барлық елдерінің күшін жұмылдыру идеясын қолдай отырып, елімізде экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Бас прокурор халықаралық қауіпсіздікке қатер туғызатын экстремизм мен терроризмнің тосқауыл қоюдың жаңа тәсілдерін және әлемдік қауымдастықтың неғұрлым терең интеграциясын талап ететінін атап өтті. Дауылбаевтың пікірінше, ортақ күш радикал идеологияны таратудың алдын алу және жоюға, экстремизм мен терроризм профилактикасының тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуға, әскери іс-қимылдарға қатысу үшін азаматтардың шетелдерге шығуына жол бермеуге, өзге елдер территориясында жасырынуға тырысқан радикал элементтерді уақтылы іздестіру және қамауға алуға, терроризмді қаржыландыру фактілеріне жол бермеуге бағытталуы тиіс", - делінген ведомствоның таратқан хабарламасында.
Сөз соңында Бас прокурор зорлық экстремизм бойынша келесі аймақтық саммитті осы жылы Астанада өткізуді ұсынды.
Форумның қорытындысы бойынша Бірлескен коммюнике қабылданып, онда қатысушылар зорлық экстремизмнің барлық түрлеріне қарсы күресуге өздерінің шынайы ниетін білдірді, сонымен қатар қоғамның радикалдануына қарсы тұруда әлемдік қауымдастықтың күшін жандандыру қажеттігін атап айтты.
Осыған орай, экстремизммен күресте азаматтық қоғамның, сондай-ақ жастардың, әйелдердің, діни, мәдени және білім беру ұйымдары басшыларының рөлі өте зор екендігі айтылды. Әлеуметтік, экономикалық және саяси саладағы, әсіресе зорлық экстремизмге төтеп бере алмайтын азшылыққа қатысты мәселелерді шешуге баса назар аударылды.