Әлеуметтік желілерде кір жуғыш машинаның ішінде отырған мысықтың видеосы тарады. Кадрлар жұрттың ашу-ызасын туғызды: желі қолданушылары оқиғаның мән-жайын тексеріп, жануарға қатыгездік жасап-жасалмағанын анықтауды талап етіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Видео Threads әлеуметтік желісінде жарияланған. Жазба авторы шұғыл түрде араласып, жануарды алып кетуді сұраған.
"Мына әйелден мысықты тез арада алып кетіңдер! Оның нөмірі менде жоқ, таныстарың болса табыңдар, қандай да бір жолын жасап, мысықты алып кетіңдерші, өтінемін", - делінген жазбада.
Видеода мысық кір жуғыш машинаның барабанында отырғаны көрінеді. Машина қосулы, жуу режимі жүріп жатыр. Бейнежазбадан жануардың ішінде қанша уақыт болғаны және жағдайдың немен аяқталғаны нақты түсініксіз.
Кейін автор тағы бір жазба жариялап, орналасқан жерін көрсеткен.
"Мысықты алып кете алатын адам бар ма? Талдықорғанда таныстар бар ма?" - деп жазды қазақстандық әйел.
Біраз уақыттан соң жазба авторына мысықтың иесі хабарласқан. Оның айтуынша, өзі Алматыда жүргенде мысықты уақытша қарай тұруға қалдырған.
"Маған мысықтың иесі жазды. Оның айтуынша, Алматыға шаруамен барғандықтан, мысықты уақытша қарауға біреуге қалдырған. Өзі бұл жағдайға қатты шок болғанын, мысықты таңертең алып кететінін айтты. Мысық өзінікі екенін дәлелдейтін материалдар жіберді. Енді әйелге қайта бермейтінін уәде етті. Мысық аман, таңертең видеоесеп күтемін", - деп жазды автор.
Алайда кейінірек ол бұл жағдайға күмән келтіргенін жасырмады.
Полиция не деді?
ПД баспасөз қызметі мәліметінше, видео тарағаннан кейін жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру басталған.
"Видеоматериал жарияланған сәттен бастап полиция қызметкерлері жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру жұмыстарын жүргізе бастады. Бейнежазба авторы бұл әрекеттің "әзіл" түрінде болғанын түсіндірді: оның айтуынша, кір жуғыш машинаның барабаны су құйылмай небәрі бір рет айналып, содан кейін жануар бірден шығарылған", - деп мәлімдеді ведомство.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мысық ветеринар дәрігердің тексеруінен өткен.
"Маманның қорытындысына сәйкес, қазіргі уақытта жануардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Мысықтың иесі жауапкершілікке тартылды.
"Осындай әрекеттің өзі мысық иесін жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болды", - деп қосты ведомство.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!