ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Астана әуежайында ауған дипломатының тап болған оқиғасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Астана әуежайында ауған дипломатының тап болған оқиғасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бұл оқиғаның ешқандай жаңашылдығы жоқ, тек елші мырза жат қылық көрсетті. Кеден қызметкерлерінің "сөмкеде не бар?" деген сұрағына ол онда "бомба" жатқанын айтты. Әрине, біздің арнайы қызметтегілер бірден жауап ала бастады. Қол жүкті тексерген соң мұның әзіл екені белгілі болды. Бұл мәселе шешілді", - деді министрдің бірінші орынбасары журналистерге.
Сондай-ақ, ол арнайы қызметтегілердің тексеріс жүргізген кезде ер адамның дипломатиялық статусы жайлы білмегендерін айтты. Министрдің орынбасарының айтуынша, олар Ауғанстанға наразылық нотасын жолдамайды.
"Біздің арнайы қызметтегілерден одан қатаң түрде жауап алу туралы ұсыныс болмағандықтан бұл мәселе осымен сол жерде-ақ шешілді. Әрине, қандай да бір наразылық нотасын жолдайын деп отырған жоқпыз", - деді Мұхтар Тілеуберді.
Еске сала кетейік, 1 мамырда Астана әуежайында Ауғанстан Ислам республикасының Қазақстандағы бұрынғы елшісі Мохаммад Фарук Бараки бірнеше сағат бойы тәртіп сақшыларының алдында түсінік беруге мәжбүр болған еді. Ауғанның 1TV арнасының мәліметінше, Мохаммад Фарук Бараки кеденшілердің "Жүкте не бар?" деген сұрағына "Жарылғыш зат бар" деп айтқаны үшін ұсталған. Экс-елшінің бұл сөзі төтенше шаралар қолдануға себеп болған.