Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі "Гульнар Тур" компаниясын лицензиясынан айыруды өтініш ететін болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаевқа сілтеме жасап.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі "Гульнар Тур" компаниясын лицензиясынан айыруды өтініш ететін болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаевқа сілтеме жасап.
"Әрине, біз өтініш ететін боламыз. Біз лицензиядан айыра алмаймыз, лицензия бермейміз де. 250 адамның ұша алмай жатқаны - жағымсыз жайт, оқиға орнында жұмыс істеп жатқан біздің қызметтеріміз оларға көмектесіп, тасымалдап, орналастырып жатыр. Мұндай жағдайлар жылдан жылға қайталанбауы тиіс, біз лицензиясынан айыруға дейін талап ететін боламыз. Ал ары қарай лицензия беретін орындар шешім қабылдасын", - деді Жошыбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол былтырғы жағдайдан кейін туроператорлардың бәріне келесі жолы жазаланатыны ескертілгенін айтты, былтыр да бір топ қазақстандық турист сапар шеккен жағынан елге қайта алмаған болатын. "Былтыр да Сыртқы істер министрлігі өз әріптестерімен бірге Түркияда қалып қойған туристерімізді елге әкелу мәселесін шешкен еді. Туризм жөніндегі комитет туроператорлар мен оларға лицензия беруге жауапты компанияларға ескерту берді", - дейді Жошыбаев.
Еске сала кетейік, өткен аптада Қазақстанда "Гульнар Тур" компаниясы төңірегінде жанжал туындаған болатын. Жүздеген турист Түркиядан елге келе алмай қалса, тағы сонша турист Қазақстаннан ұша алмай жатты. Азаматтық авиация комитетінің мамандары "Гульнар Тур" рейстерін орындаған Jet Airlines әуе компаниясы ұшақтарының пайдалану рұқсаттары мерзімінің 30 маусымға дейін ғана жарамды екенін айтты, мәселе сол себепті туындаған. Жуырда Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы "Гульнар Тур" фирмасына наразылық білдірді. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметінше, шетелде жолы болмай қалып қойған туристердің бәрі 12 шілдеге дейін елге әкелінеді.