ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 26 маусым 2026 12:51
Кіріс өсті, бірақ сұрақтар әлі де бар: Қазақстан бюджетіне аудит нені көрсетті?
Бүгін Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдап, бекітті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдап, бекітті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ЖІӨ, жалақы және салық өсімі: Үкімет не туралы есеп берді?
Министрлер кабинеті экономика өскенін, салық түсімі ұлғайғанын және барлық әлеуметтік міндеттеме орындалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар аудиторлар мемлекеттік қаржыны басқарудағы кемшіліктерді атап өтіп, бюджет ережелерін өзгертуді ұсынды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің хабарлауынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы бір жыл бұрынғы 5 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда 6,5 пайыз өсті. ЖІӨ 14,7 миллиард долларға артып, орташа жалақы 442 мың теңгеге жетті, ал жұмыссыздық 4,6 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл ретте инфляция 12,3 пайыз болды.
Республикалық бюджет кірісі 21,4 триллион теңгеге, ал шығысы 25,5 триллион теңгеге жетті. Трансферттерді есептемегендегі меншікті кіріс 15,3 триллион теңге болды, салық түсімі бірден 2,2 триллион теңгеге немесе 17,5 пайыз өсті.
"Былтырғы жылмен салыстырғанда кіріс базасы ұлғайды. Бұл экономикалық белсенділік сақталғанын және салықтық әкімшілендіру жақсарғанын көрсетеді", - деп атап өтті Такиев.
Министрдің айтуынша, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі орындалды. Әлеуметтік салаға 9,3 триллион теңге бағытталды, оның ішінде 5,9 триллионы зейнетақы мен жәрдемақыға жұмсалды.
Былтырғы жылдың ең ірі нәтижелері қатарында Үкімет 198 мектеп пен 655 денсаулық сақтау нысаны құрылысының аяқталуын, 20,1 миллион шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілуін, сондай-ақ 13 мың шақырымға жуық автожолдың жөнделуі мен салынуын атады.
Бұдан бөлек, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 14,5 пайыз өсіп, 20,5 миллиард долларға жетті.
Мемлекеттік қарыз, Ұлттық қор және бюджет: аудиторлардың негізгі ескертулері
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов аудит барысында бірқатар жүйелі мәселе анықталғанын мәлімдеді. Ол басты мәселелердің бірі ретінде мемлекеттік органдардың Парламентте бюджетті қайта қараусыз-ақ қаражатты бірнеше рет қайта бөлу мүмкіндігін атап өтті.
"Түзетілген бюджетке шаққанда, бар болғаны сегіз түзету арқылы бастапқы бекітілген бюджеттің барлығын дерлік қайта бөлуге болады. Іс жүзінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша мұндай қайта бөлу көлемі 90 пайызға дейін жеткен", - деді Смайылов.
ЖАП басшысы бұл бюджеттің депутаттар бастапқыда бекіткен параметрлерінен ауытқу қаупін тудыратынын атап өтті. Аудиторлар мұндай өзгерістерді шектеуді және парламенттік бақылауды күшейтуді ұсынады.
Сондай-ақ палата мемлекеттік қарызды басқару жүйесін жетілдіру қажет деп санайды. Олардың пікірінше, жаңа қарыздарды тарту кезінде қарыз алу көлемін ғана емес, олардың экономика өнімділігіне, экспортқа және болашақ салық түсіміне әсерін де бағалау қажет.
Тағы бір ұсыныс Ұлттық қорға қатысты. ЖАП қаражаттың бөлінуінен бастап түпкілікті алушыға дейінгі жолын цифрлық қадағалауды қамтамасыз етуді және шығыстар тиімділігін ақшаның игерілуімен емес, нақты нәтижелермен: инфрақұрылым тозуының төмендеуімен, жұмыс орындарының ашылуымен және мемлекеттік қызметтер сапасының артуымен бағалауды ұсынады.
Аудиторлар "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына ерекше назар аударды. Олардың пікірінше, бағдарламаға қатысушы кәмелетке толған азаматтардың талап етілмеген қаражатын инфляциядан қорғау үшін инвестициялау қажет.
Жалпы алғанда, Жоғары аудиторлық палата 26 ұсыныс дайындады, олар алдағы уақытта заңнамалық өзгерістерге негіз болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, өткен аптада Сенаттағы осындай отырыста ЖАП басшысы Әлихан Смайылов былтыр бюджетке 335 миллиард теңге түспей қалғанын мәлімдеген болатын. Смайылов бұған "салықтық болжамдардың тым оптимистік болуын" себеп ретінде атады.
Тағы оқыңыз: “Болжам өте нашар болды деп айта алмаймын”: Жұманғарин депутаттардың бюджетке қатысты сынына жауап берді
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу