Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы департаменті "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-не қатысты бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тергеп-тексеру жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Қырғыз Республикасы Экспедиторлар қауымдастығының және бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың өтініштері негіз болды.
"Тергеп-тексеру нәтижесінде, "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу барысында аффилиирленген компанияларға – "KTZ Express" АҚ және "КедентрансСервис" АҚ-ына артықшылық беріп, жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер жасағаны анықталды", - делінген хабарламада.
Аталған әрекеттер "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланғаны айтылды.
Астана әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімі бойынша, "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 1,42 миллиард теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
2025 жылғы 15 қыркүйектегі Астана сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!