Вайнер Нағима Ахметова Денис Тенмен соңғы кездесуі жайлы Instagram желісіндегі парақшасында әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Вайнер Нағима Ахметова Денис Тенмен соңғы кездесуі жайлы Instagram желісіндегі парақшасында әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазір кеудемдегі ауырлықтан дем ала алмай отырғанда Дениспен соңғы әңгімем жайлы айтуға міндеттімін", - деп жазды вайнер.
Нағиманың айтуынша, ол Денистен Қазақстан спортының болашағы туралы сұраған.
"Қалай айтсам болады, болашағы бар, бірақ әлі емес. Бізде жақсы жаттықтырушы жоқ, бар болса да олар ескі стандартпен жаттықтырады. Менің бала кезімде жасаған нәрселерімді үйретеді. Маған барлығы менталитеттің кесірі сияқты көрінеді. Алға жылжып, жаңа нәрсені үйренгісі келетіндер аз. Мені ешкім Мәскеу, Америкаға барып жаттық деп айтқан жоқ қой, бұл өз шешімім", - деп жауап берген спортшы.
Тен жаттықтырушы болғысы келіпті.
"Бұрындары үкімет спорт комитетінен "неге жүлделі орын жоқ, медаль қайда?" деп сұрағанда, олардың жақсы сылтауы болып еді - "спорт алаңдары жоқ" деген. Ал қазір не? Мемлекет қыруар қаражат бөліп, балалар мен спортпен айналысқысы келетін кез келген адамға арналып, тегін жаттығу алаңдары салынды, бірақ олар жоқ. Алаң да, секциялар да пайда болды, бірақ енді жаттығу үшін бір баладан сағатына 2000 теңге алады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Әркімнің бұған жағдайы келе бермейді. Мүмкін, құдай қаласа, мен 10-15 жылдан кейін біздің балаларды жаттықтыратын боламын. Менің бір білетінім, барлығы біздің менталитеттен. Әлемді, елімізді өзгерткіміз келсе, әркім өзінен бастауы керек", - депті Тен вайнермен сұхбатында.
Еске салайық, Денис Тен 19 шілдеде қайтыс болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне Денис Теннің өліміне қатысты тергеуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.