Биыл Алматы мен қала іргесіндегі ірі аудандарды жалғап тұрған Құлжа тасжолы орташа жөндеуден өтті. Жолдың 14 пен 43 шақырымы аралығындағы жөндеу жұмыстары былтыр қыркүйекте басталып, жақында аяқталды.
"Жолға екі қабат асфальтбетон жабыны төселді. Жоғарғы қабатына полимерленген қиыршық тасты-мастикалық асфальт жамылғысы салынды. Жалпы төселген асфальт жамылғысының қалыңдығы – 12 сантиметр. Құрылыс маусымы кезінде 80-нен астам маман мен 50-ге жуық арнайы техника тартылды", - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы облысы филиалының бөлім басшысы Досбол Тепішев.
Жөндеуден кейін жолдың өткізу мүмкіндігі күніне 20 пайызға артып, 45 мың көлікке дейін жетті. Бұл күре жолдың маңызы – Алматы іргесіндегі жиырма шақты ірі елді-мекенді мегаполиспен жалғап тұр. Алматы агломератында орналасқан өндірістік нысандар мен кәсіпкерліктің дамуына қосар үлесі жоғары. Жөндеуден өткен соң Құлжа жолы еліміздің жол инфрақұрылымының жаңартылған, қауіпсіз және сапалы бір тармағына айналды. Он жылдан астам жөндеу көрмеген күре жолдың жаңартылғанына жергілікті тұрғындар дән разы.
Құлжа автожолы 14-43 шқ. Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы облысы баспасөз қызметі
"Құлжа жолының бойында қызмет көрсететін кешенім бар. Жаңадан төселген асфальт керемет, теп-тегіс. Қаланың орталығындағы асфальттан артық болмаса, кем түспейді. Жол бойы қызмет көрсететін кәсіп болған соң, кешенге келіп-кеткен әрбір клиенттің жол амандығы аса маңызды", - дейді кәсіпкер Қайрат Құрбанов.
"Алматы-Шамалған-Ұзынағаш" автожолы 20–23 шқ. Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы облысы баспасөз қызметі
Қалаға жақын тағы бір автожол жөндеуден өтті. Халық арасында "Жоғарғы трасса" аталып кеткен "Алматы-Шамалған-Ұзынағаш" автожолының 20–23 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, халық игілігіне берілді. Тәулігіне 30 мыңнан астам көлік қатынайтын жолдың 3 шақырымы мүмкіндігінше кеңейтіліп, жаңа жол жабыны төселді. Жөндеу жұмыстарының арқасында Алматы қаласының шекарасынан жақында салынған Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін қатынайтын жол тегіс әрі жайлы бола түсті. Сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастыруға өзгерістер енгізілді. Жолдың екі қапталына тротуарлар салынды.
"Шонжы-Қорғас" автожолы 187-230 шқ. Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы облысы баспасөз қызметі
Тағы бір жоба – "ыстық суымен" әйгілі Ұйғыр ауданы, Шонжы өңірінде де 85 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның бір учаскесі – республикалық маңызы бар "Шонжы-Қорғас" автомобиль жолының 187 мен 230 шақырым аралығындағы 43 шақырым. Бұл – Ұйғыр ауданының орталығына апаратын төте жол. Негізгі қабаты жөнделіп, екі қабат асфальт бетон жабыны төселді. Жол құрылысы барысында 100-ден аса техника, 120 маман жұмыс істеді. Отыз жылдан аса жөндеу көрмеген жолдың бір учаскесі қолданысқа енгізіліп, халық игілігіне берілді.
"Жалағаш-Саты" автожолы 18-24 шқ. Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Алматы облысы баспасөз қызметі
Сонымен қатар танымал Көлсай және Қайыңды көлдеріне жеткізетін Жалағаш-Саты автомобиль жолында 18 бен 24 шақырым аралығында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды.
Жалпы алғанда, былтырдан бері Алматы облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың 247 шақырымында орташа жөндеу жүргізіліп, оның 87 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталды. Оның ішінде Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы 200 шақырым жолды жөндеу жұмыстары да бар. Туризмі мен тіршілігі қыз-қыз қайнаған Алматы облысында жол сапасының жақсаруы өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытып, экономикалық әлеуетін арттырары сөзсіз.