Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында университеттер мен колледждерді лицензиясынан айыру туралы айтты.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында университеттер мен колледждерді лицензиясынан айыру туралы айтты.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, былтыр лицензиясынан айырылған университеттерден 66 мың студент басқа жоғарғы оқу орнына ауыстырылған.
"Студенттер зардап шекпейді. Олардың оқудағы, емтихандардағы алдыңғы нәтижесі жаңа университетте де есептеледі. Студенттер ауысатын университетте оқу ақысы өспеуі керек, сол бойынша жұмыс істейміз. Біз университетті жапқан кезде студенттер далада қалмай, басқа жоғарғы оқу орнына ауысуы керек", - деді министр.
Министр кей университеттегі білім сапасы туралы да айтты.
"Студент 1-курста келіп, құжаттарын тапсырып, кейін 4-курста бір келіп, дипломын алып кетеді. Бұл кімге керек? Бұл не береді? Бізде бір топта үш-төрт адам оқитын университет көп, оның басым бөлігі - жеке ЖОО. Бұл экономикалық тұрғыда да тиімсіз. Бұдан кім зардап шегеді? Бұдан сіз, мен және қоғамымыз зардап шегеді. Себебі ол жақтан сауатсыз заңгерлер, судьялар, прокурорлар, мемқызметкерлер, мұғалімлер мен дәрігерлер шығады", - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, бұл үшін министрлікке сын айтылып жатыр, әлеуметтік желілерде нарық өзі реттеліп, жүйелі шаралар болуы керек деген пікірлер жазылған. Алайда, оның айтуынша, бұл өте ұзақ уақытты алады.
"Жыл сайын 40-70 мың түлек білімсіз-ақ диплом алуына жол бере алмаймыз. Енді не істеу керек? Нарық өзі реттелуін күтіп отыруымыз керек пе?
Біз екі бағытта жұмыс істейміз. Университетті жабу, лицензиядан айыру оңай процесс емес. Алдын-ала ескертеміз, тексерісті арнайы органдарға тіркейміз. Олар бұл туралы біледі, содан кейін оларға барамыз. Тексерістің өз ережесі бар. Тексерген соң, бұл жағдайды түзету үшін алты айға дейін уақыт береміз.
Екінші, кейін үшінші рет тағы тексереміз. Университеттердің жағдайды түзетуге мүмкіндігі бар. Бірақ олар бір жыл, бір жарым жыл ішінде ешқандай шара қолданбаса, жағдайды түзете алмаса, уәкілетті орган сотқа шағымдануға және лицензияны қайтарып алуға құқылы ма? Менің ойымша, жауап айқын. Иә, біздің қоғамда басқа көзқарасты ұстанушылар өте көп, "Оларға тиіспейік, күте тұрайық" дейді. Кейін "Оларға лицензияны кім берді? Соны шешіп алайын" дейді. Яғни, олар мәселені әдейі басқа жаққа бұрады. Жақсы. Сапа бар ма? Жоқ. Онда лицензияны қайтып алайық. Яғни, біз университеттерді жауып жатырмыз", - деп түсіндірді министр.
Бұған дейін Желіде Білім және ғылым министрлігінің жоғарғы оқу орындарымен қарым-қатынасы сынға алынған болатын. Мысалы, журналист Михаил Козачковтың Telegram-каналында Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-техникалық университеті Ғылыми кеңесінің хаты жарияланған. Хат авторлары Білім және ғылым министрлігінің барлық әкімшілік ресурсы отандық ірі университеттерге зиян келтіруге бағытталғанын жазған. Себебі университеттерде жиі тексеріс болып, қысым жасалады.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы ресми өкілі Бағдат Қожахметов Facebook желісіндегі парақшасында Қазақ медицина университеті жабылғанына қатысты ойын жазған. Оның пікірінше, Қазақ медицина университеті 58 жылдан бері білім беріп келеді. Қазіргі уақытта медуниверситетті жабу қауіпті екенін айтқан.
Ал PR-маман Нұркен Халықберген университет саны азаюы оқу ақысы қымбаттауына әкеледі. Оның пікірінше, бақылау мен тексеріс - "балалардың білімін арттырып, бәсекелестікті көбейту емес, айыппұл мен жазалауға сылтау іздеу" амалы.
Еске салайық, 2019 жылы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқав үкіметке дипломды "басып шығаратын" университеттерге қатысты шара қабылдауды тапсырған болатын.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің толық сұхбатын сайтымыздан 19 ақпанда оқи аласыздар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!