02 наурыз 2021 | 13:27

Қырғыз президенті Тоқаевпен кездесуде қазақ ақынының поэмасынан үзінді оқыды

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Ақорда © Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен шағын құрамда келіссөздер өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 


Иконка комментария блок соц сети

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен шағын құрамда келіссөздер өткізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Құрмет қарауылы ротасының бастығы Қазақстан мен Қырғызстан президенттеріне рапорт берді. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылының алдынан өтіп, шағын құрамда келіссөздер жүргізу үшін резиденцияның "Шығыс залына" барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастағанының маңызы зор екенін атап өтті.

"Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айырықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі еліміздің арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойламын", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі достықтың бар екеніне, сондай-ақ, Қырғызстан - еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді.

"Бұл дәстүрді жоғары бағалаймыз. Алдымызда тұрған міндетіміз осы дәстүрді жалғастыру, нығайту. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің маңызы зор", - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде, Қырғызстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдірді. Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің сөздерін еске алды.

"Мен қазақпын, қырғыз ол - туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын", - деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді, Қырғыз Президенті.

Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керек екенін айтты.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен келуге шақырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.

Сонымен қатар, мемлекет басшылары стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде сауда-экономикалық байланыстарды арттыруға және саяси, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда тығыз ықпалдастық орнатуға басымдық берілді.

Қырғыз делегациясына ілтипат білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев екі елді бауырластық, достық және серіктестіктің дәстүрлі жолы байланыстыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін және екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретінін айтты.

"Біз қырғыз ағайындарымызды қолдауға және жан-жақты көмек көрсетуге әрдайым дайын екенімізді атап өткім келеді. Біз бағзы заманнан тату көршіміз, достығымыз бен ынтымағымыз жарасқан бауырлас елдерміз. "Қазақ-қырғыз бір туған" деген нақыл сөз арамыздағы зор сенім мен кең пейілді айқын көрсетеді", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы шағын форматта өткен келіссөздер барысында екі ел арасындағы ықпалдастықтың негізгі бағыттары анықталғанын жеткізді.

"Елдеріміз арасында шешілмейтін қандай да бір мәселенің жоқ екені көңіл қуантады. Керісінше, біз өзара ықпалдастықтың кез келген бағытын жедел әрі байыппен қарастыруға дайын екенімізді білдірдік. Қырғызстан Сіздің басшылығыңызбен барлық мәселені тиімді шешуге және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға әзір екенін нақтылағанын дұрыс қабылдадық. Өз тарапымнан Қазақстанның екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды кешенді түрде тереңдетуге бейіл болып қала беретінін айтқым келеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде Қазақстан Президенті қазақ пен қырғыз байланысының тамыры тереңде екенін айта келіп, ұлы Абай мен Мағжан Жұмабаевтың сөздерін тілге тиек етті.

"Ұлы Абай айтқандай, "Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды". Қос халықтың рухани туыстығын дәлелдейтін мысалдар жеткілікті. Бұл байланыстар Әуезов пен Айтматов, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл сияқты алып тұлғаларымыздың тұсында нығая түсті. Қазақтың әйгілі ақыны Мағжан Жұмабаев "Қырғыз - таудың тарпаңы, қазақ - қырдың құланы" деп жырлаған. Мұның бәрі біздің арғы тегіміздің бір екенін аңғартады", - деді Қазақстан Президенті. 

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Қазақстан басшылығы мен халқына коронавирусқа қарсы күресте қолдағаны үшін және алдағы уақытта да ауқымды көмек көрсете беретініне алғыс айтты.

"Бүгінгі келіссөздер дәстүр бойынша мемлекеттеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарды сипаттайтын одақтастық байланыстар мен стратегиялық серіктестік рухында өтуде. Шағын форматта өткен кездесуде біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы елдеріміздің өзара іс-қимылының бірқатар маңызды мәселелерін қозғадық. Екі ел арасында ешқандай саяси қайшылық жоқ екенін мәлімдеймін", - деді Садыр Жапаров.

Келіссөздер барысында тараптар іскерлік байланыстарды жан-жақты кеңейтуге, инвестициялық ықпалдастықты дамытуға, екі елдің көлік-транзиттік әлеуетін бірлесіп пайдалануға, сондай-ақ, цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.  

Президенттер қос халықтың мәдениеті мен тарихының және тілінің ұқсастығын ескере отырып, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін нақтылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

  • Қазақстан Республикасының Президенті мен Қырғыз Республикасы Президентінің бірлескен Мәлімдемесі;
  • Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қырғыз Республикасы
  • Үкіметінің жанындағы Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттік арасындағы ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы ведомствоаралық келісім;
  • Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;
  • Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Цифрлық даму мемлекеттік қызметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекцияның 2021-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары;
  • Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің және Қырғыз Республикасы Энергетика және өнеркәсіп министрінің арасындағы электроэнергиямен тауар алмасу туралы хаттама;
  • Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Қорғаныс министрлігінің арасындағы 2021 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети