Ақтөбе іргесіндегі Жаңақоныс-4 ауылының тұрғындары 2018 жылдан бері газсыз отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Ақтөбе іргесіндегі Жаңақоныс-4 ауылының тұрғындары 2018 жылдан бері газсыз отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Жаңақоныс-4 ауылында тұрғын үй салуға жер 2018 жылдан бері беріле бастаған. Кезектегілерге 1500 орын берілген. 100-ден аса үй салынды, бірақ коммуникацияның жоқтығынан көбі ауылға көшуге қорқады.
Үш балалы Жәнібековтер отбасы Ақтөбеде жалдамалы пәтерлерде тұрған, бірақ бағаның көтерілуіне байланысты ауылдағы үйлеріне көшуге мәжбүр болған.
"29 қыркүйекте газ береміз деп уәде берді, бірақ ол мерзім өтіп кетті. Кішкентай балалармен қыста қайтеміз? Бөлмелерде күні бойы жылытқыштар қосылып тұр, электр жарығына 10 мыңнан аса төлейміз!" - дейді тұрғын Рысбек Жәнібеков.
Бұл мәселені халық талай рет көтерген. Соңғы рет қыркүйектің аяғына дейін ауылға газ тартылады деп сендірген, бірақ ол орындалмады. Ашынған тұрғындар облыс әкімдігіне келіп, түсініктеме талап етті.
Шенеуніктер ашуға булыққан тұрғындарға бір сағаттан соң ғана шықты. Олар биыл 229 миллион теңгеге газ құбыры құрылысы басталғанын хабарлады. Нысан дайын десе де болады, бірақ құрал-жабдықтардың жеткізілуіндегі ақаулар салдарынан үйлерге дер кезінде газ тарту мүмкін болмаған. Мердігерлер әзірге 200 газ реттеу блогын күтіп отыр.
"Кідіріс болды, себебі бұл техника Ресейде шығарылады және жеткізуде қиындықтар туды. Оларға тапсырыс берілді, келесі аптада, жұмаға дейін жетуі керек", - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділбек Танкиев.
Әкімдік көгілдір отын қазанның ортасына дейін қосылады деп сендірді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!