Қытайда 25 жастағы қазақстандық Ербол Суханов өз-өзіне қол салды, - деп хабарлайды КТК.
Қытайда 25 жастағы қазақстандық Ербол Суханов өз-өзіне қол салды, - деп хабарлайды КТК.
Ол Үрімші қаласында 3 жылдан бері мейрамхана әкімшісі болып жұмыс істеген. Жігіттің ата-анасы оның жұмыс берушісін кінәлап отыр. Өйткені дәмхана қожайыны бірнеше күн бұрын хабарласқанында, Ерболдың 100 мың долларды ұрлағанынын айтып, тауып беруін талап еткен көрінеді.
Қытайда жұмыс істеп жүрген Ербол ертең үйге ұшып келуі керек еді. Марқұмның анасы Жанат Жалынбетованың айтуынша, баласы ақша іздеген. "Мама, маған ақша тауып беріңдер. Әйтпесе, мыналар мені қорқытып жатыр деді. Жоқ, мама, мен алған жоқпын деді. Аналар мені ұрып, соғып алдың деп 100 мың доллар іліп қойды деді", - деп жылады анасы.
Ербол Қытайға дейін Көкшетаудағы дәмханалардың бірінде жұмыс істеген. Аспан асты еліне жұмысқа шақырған да осындағы Болат есімді бастығы екен. Оның Үрімшіде қытайлықтармен бірігіп ашқан мейрамханасы бар дейді марқұмның әкесі. "Осы кафенің қожайыны Болат Қытайға алып кеткен. Сенбі баламды алып келем деп уәде еткен. Міне әкелмеді. Енді хабар келіп тұр өлді деген. Болат та 100 мың доллар деді. Менде ондай ақша жоқ", - дейді әкесі Кеңес Суханов.
Баласының өлгені туралы хабарды оларға Үрімшідегі жолдастары хабарлаған. Ал жұмыс берушісі болса, телефон тұтқасын көтермей отыр. Не істерлерін білмеген Ерболдың туғандары дәмхананың Көкшетаудағы филиалына барып шу шығарды.
Жандарын қоярға жер таппаған Ерболдың туысқандары істің ақ-қарасын анықтамақ. 25 жасқа келген жігіт алдағы жазда үйленуді жоспарлап жүрген екен. Сондықтан, суицидке баруы мүмкін емес дейді әке-шешесі.
Қытайдың Үрімші қаласында қаза тапқан Ерболдың денесін Көкшетауға жеткізу үшін марқұмның туған-туысқандары қажетті құжаттарды әзірлеуге кірісті. Сыртқы істер министрлігіне де хабарласып көмек сұрап отыр. Бастысы жігіттің жұмбақ өлімін тергеп, кінәлілердің жазасын берсе дейді. (Дереккөз: КТК)