Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі, G-Global халықаралық хатшылығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Конфуцзы институты және ҚХР Сыртқы істер министрлігінің Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығы мен "Хуаньцюван" халықаралық сайтының ұйымдастыруымен Астанада "Бір белдеу, бір жол" сараптамалық орталықтар, БАҚ пен мәдениет серіктестігі" атты халықаралық форум өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесі, G-Global халықаралық хатшылығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Конфуцзы институты және ҚХР Сыртқы істер министрлігінің Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығы мен "Хуаньцюван" халықаралық сайтының ұйымдастыруымен Астанада "Бір белдеу, бір жол" сараптамалық орталықтар, БАҚ пен мәдениет серіктестігі" атты халықаралық форум өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Форумда "Бір белдеу, бір жол" бастамасы мен "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясаты аясында Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының бес жылдық қорытындысы шығарылып, әрі қарайғы дамуы талқыланды. Бұл басқосуда Қазақстан мен Қытайдың саясаткерлері, ғалымдары, сарапшылары пікір алмасты.
Нақтырақ айтқанда, 2013 жылдың қыркүйек айында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Астанада Назарбаев университетінде Ұлы Жібек Жолының тарихи бағытын жаңғыртатын "Бір белдеу, бір жол" жобасының жүзеге асырылатындығын мәлімдеген еді. Бұл бастамаға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолдау білдірді. Арада көп уақыт өтпестен "Бір белдеу, бір жол" Еуразия аймағы, Таяу шығыс және Африка елдерімен мәдени интеграциясының түп қазығына айналды.
Форум модераторы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Конфуцзы институтының директоры Сәуле Қошанова Қазақстан мен Қытайдың арасында дипломатиялық қарым-қатынастары басталғанына ширек ғасырдан асқандығынатап өтті.
Оның пікірінше, осы 26 жылда екі мемлекеттің қарым-қатынасы нығайып, әлеуметтік-экономикалық және мәдени байланыстар жаңа деңгейге шыққан.
Қошанова Қытай Халық Республикасы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі ретінде бүгінде аймақтағы сенімді саяси серіктесі, жетекші сауда-экономикалық одақтасына айналғандығын сөз етті. Сонымен қатар, ҚХР төрағасы ұсынған "Бір белдеу, бір жол" бастамасы Қазақстанның "Нұрлы жол" бағдарламасымен үндесіп, сәйкесіп жатқандығын айтып өтті.
"Қазақстан мен Қытай арасындағы достық тату көршілікке негізделген. Бұл - мемлекет басшыларының еңбегі. Қазіргі уақытта Қытайдың Жібек жолы бойындағы мемлекеттермен сауда айналымы 5 триллион АҚШ долларынан асты. Қытайдың бұл мемлекеттері салған инвестициясы 70 миллиард долларға жетті. Оған қоса 200 мың жұмыс орны құрылды", - деді Қытай қоғамдық дипломатия қауымдастығының вице-президенті, Қытай сыртқы істер министрінің бұрынғы көмекшісі Ху Чжэнью.
Қауымдастықтың вице-президенті атап өткендей, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының дені Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырылады. Соңғы бес жылда екі ел арасындағы тауар айналымы аса қарқынмен өскен. Оған "Нұрлы жол" бағдарламасының "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен сәйкестігі оң әсерін тигізуде.
"Бір белдеу, бір жол" Қазақстан мен Қытай арасындағы, Еуразия кеңістігіндегі экономикалық-мәдени, білім саласындағы байланыстарға тың серпін берді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев экономика, көлік және транзиттік байланыстың дамуы үшін жаһандық маңызы бар бастаманы ескере отырып 2014 жылы еліміздің әлеуметтік әлеуетін арттыру мақсатында "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын жариялады. Қазір "Бір белдеу, бір жол" бастамасы "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал етуде және Қазақстанның ауқымды инфрақұрылымын дамытудың жаңа кезеңін ашып отыр",- деп ойын түйіндеді Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің төрағасы, "Қазақстан" РТРК Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.
Қазақстандық саясаттанушы аталған бастамаларды іске асыру үшін Ақтау, Құрық порттарының әлеуеті өскендігін, көліктік-транизттік жобалардың қолға алынғандығына да тоқталды. Ол сондай-ақ, Орталық Азияның стратегиялық маңыздылығы ұзақ жылдар бойы тек аймақтағы қауіпсіздікке қатысты мәселелерге сай аталып келгендігін, ал бүгінде Қытай тарапының көңіл бөлуімен басқаша сипат алғандығын жеткізді.
Ал ҚХР-ның Қазақстандағы бұрынғы елшісі, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Орталық Азия департаментінің бұрынғы директоры ЧжаньСиюнь "Бір белдеу, бір жол" бастамасын Жібек Жолы бойындағы елдер төл бағдарламаларымен ұштастырып, игілігін көруде деген ойын білдірді.
"Қазақстан шетел нарығына көбірек шығуы үшін экспорттық әлеуетін арттыра түсуі керек. Ал Қытай тарапы Қазақстанға өз порттарын ұсынып теңізге шығатын жол ашып берді. Бұл - іс жүзінде тек логистика мен көлік-транзиттік байланыстармен шектелмейтін өзара сенімді қарым-қатынастың, ауызбіршіліктің жарқын үлгісі", - деп толықтырды Чжань Сиюнь.
Бұрынғы елші енді көлік және коммуникациялар саласындағы ынтымақтастықты бекіте түсіп, екі мемлекет арасындағы теміржол байланысын жаңғырту керектігін айтты. Оның пікірінше, Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізі ашылғалы бері бұл жолмен 200 мың жүк контейнері тасымалданған.
"Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізі екі елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтерді. Жол бойында мыңдаған жұмыс орындары құрылып, орта және шағын кәсіпкерлік өркендеді. Ал "Бір белдеу, бір жол" бастамасы да тек бір елдің мүддесін көздемейді. Бұл - халықаралық жоба", - деді Парламент Мәжілісінің депутаты, кезінде Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Қуаныш Сұлтанов.
Форум БАҚ, мәдениет және денсаулық саласын қамтыған өзге де пікірталас алаңдарында жалғасын тапты.