Ақтөбе облысында аумақтық сайлау комиссиясы Кеңқияқ ауылдық округі әкімінің сайлауын тағайындады. Шешім округтің бұрынғы басшысы Қуанышбек Серікжановтың қызметтен кетуі мен қазасынан кейін қабылданды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сайлауды ұйымдастыру
Комиссия сайлау округін құрып, дауыс беруді дайындау мен өткізудің күнтізбелік жоспарын бекітті. Кеңқияқ ауылдық округі әкімі лауазымына кандидаттарды ұсыну 7 мамырда басталды.
Сайлау 14 маусымға тағайындалды.
Мән-жайы
Еске сала кетейік, мамыр айының басында Қуанышбек Серікжанов өз өтініші бойынша Кеңқияқ ауылдық округі әкімі қызметінен кеткен болатын. Келесі күні ол өз үйінде өлі күйінде табылды. Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
Қуанышбек Серікжановтың мемлекеттік қызметте 2013 жылдан бері жұмыс істегені, ал ауылдық округ әкімі лауазымын 2023 жылдан бастап атқарғаны белгілі.
Бұған дейін Ақтөбе облысы Темір қаласының әкімі өлі күйінде табылды. Әріптестерінің айтуынша, Еркін Далмағамбетов өлімінен біраз уақыт бұрын достарымен және сыныптастарымен кездескен. Кейінірек ол шығып кетіп, қайтып оралуға уәде берген. Бірақ соңында мемлекеттік қызметкер өз ауласында асылған күйінде табылған.