Қызылорда қаласындағы СПМК-70 шағын ауданында 1500 орындық "Келешек мектебінің" ашылу рәсімі өтті. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы қала тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін айтты.

"Президентіміз "Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. "Келешек мектептері" жобасының негізгі мақсаты да – осы", деген болатын. Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе.
Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен білім саласында ауқымды жобалармен тың бастамалар жүзеге асуда. Аймағымыздың білім беру саласына соңғы үш жылда 812 миллиард 245 миллион теңге, биыл 346 миллиард 800 миллион теңге бөлінді. Өткен жылы 31 миллиард 800 миллион теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.
Баршаңызды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын! Бұл – жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Жаңа мектеп әрбір оқушының асыл арманын оятатын, биік мақсатқа жетелейтін ізгі орын болсын! Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыздың қатары көбейсін!", – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Қызылорда облысында "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 54 миллиард 391 миллион теңгеге10 жаңа мектеп салынды. 2023 жылдан бері 5 миллиард 700 миллион теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Бұл арқылы өңірдегі үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Әкімдік мәліметінше, салтанатты шарада білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаз қауымы мен "Келешек мектебін" сапалы етіп салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Абдуламитұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы рәсімге қатысушыларды құттықтап, ізгі тілек білдірді.