Қызылшаға қарсы екпенің сапасы мен қауіпсіздігіне күмәндануға еш себеп жоқ. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Мелита Вуйнович мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылшаға қарсы екпенің сапасы мен қауіпсіздігіне күмәндануға еш себеп жоқ. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Мелита Вуйнович мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Маңғыстау облысындағы зерттеу жұмыстары аяқталғанша иммундаудан кейінгі оқиғалардың себептері жөнінде ешқандай болжам айтуға болмайды. Қазақстан Үкіметі қызылшаға қарсы екпе жүргізуді уақытша тоқтату туралы жауапты шешім қабылдады. Шара 2 наурызда жалғасын табады деп ойлаймыз. Айта кететін жайт, Қазақстанда екпе жасалмаған немесе толық жасалмаған балалар мен жастар арасында қызылша ауруын жұқтыру тәуекелі әлі сақталып отыр. Аталған шараның мақсаты – осы тәуекелді азайту", - деп мәлімдеді Мелита Вуйнович.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2009 жылы Вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі ғаламдық консультативтік комитеті қызылшаға қарсы екпенің қауіпсіздігін растады. екпе ондаған жыл бойы бүкіл әлемде табысты қолданылып келеді. 2000 жылдан бастап бүгінгі дейін бұл екпені пайдалану әлемде 15 миллиондай адамның өмірін сақтауға мүмкіндік берді.
ДДҰ өкілдері Қазақстанда иммундау шарасы үшін қолданылып жатқан Үндістанның State Serum Institute компаниясынан сатып алынған қызылшаға қарсы моновалентті тірі екпені де қауіпсіз және тиімді деп есептейді. Бұл вакцина соңғы жылдар ішінде Ұлыбритания, Швейцария және Нидерланды сияқты әлемнің 45 елінде қолданылды.
ДДҰ мәліметінше, бас айналу, талып қалу, бас ауыру сияқты тіркелген уақытша ауру белгілері - иммундауға қатысты алаңдаушылық реакциясы ғана. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі және оның вакцинаға қатысы болмайды. "Осы жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша, елімізде 15-19 жас аралығындағы 500 мыңдай адамға екпе жасалды. Солардың ішінде бүгінгі күнге дейін Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жалпы 120-ға жуық адам бас айналу, бас ауыру, аяқ-қолының ұюы, дене қызуының көтерілуі сияқты шағымдармен дәрігерлерге хабарласқан. Көп жағдайда олардың иммундау шарасына қатысы жоқ, жасөсіпірімдерге тән психиэмоционалдық тұрақсыздықты есепке алғанда жеке сезімталдықтың көрінісі ретінде бағаланып отыр", - делінген министрлік таратқан хабарламада.
"Осыған орай ДДҰ бастапқы бағалау нәтижелерімен келіседі, бұл оқиғалар вакцинаны пайдаланумен байланысты болмауы мүмкін. Вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігіне күмәндануға ешқандай себеп жоқ", - дейді доктор Вуйнович. Шағымданғандар екпе жасалғандардың жалпы санының 0,02 пайызына тең, ал ДДҰ мәліметінше, мұндай жағдайлар 15 пайызға дейін жетуі мүмкін және орынды.
Қалыптасқан жағдайды зерттеу үшін еліміздің барлық өңірлерінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің, республикалық медициналық ұйымдардың мамандарының қатысуымен жұмыс комиссиялары құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жағдайды қосымша зерттеп, бағалау үшін ДДҰ мамандары тартылды.
Қазақстанда соңғы рет қосымша иммундау шарасы 10 жыл бұрын (2005-2006 жылдары) жүргізіліп, республикада қызылшамен сырқаттанушылықты күрт төмендетуге (16 мың оқиғадан 13-ке дейін) мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында қызылшаға қарсы егілген 60-қа жуық адамның ауруханаға түскені хабарланған болатын. Олардың нашар сезінуінің себебі әлі белгісіз. Алдын ала мәлімет бойынша, асқынуға қызылшаға қарсы салынған вакциналардың сапасыздығы немесе дәрі-дәрмектің дұрыс сақталмауы себеп болуы мүмкін. Қазір Астананың эпидемиологтары бұған қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Айта кетейік, мұның алдында Теміртауда медицина колледжінің 18 студенті қызылшаға қарсы вакциналаудан кейін жоғары температурамен ауруханаға түсті. Осындай жағдайлардан кейін Қазақстанда вакциналау уақытша тоқтатылды. Ал Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласының мамандары қолданылған екпені сапасыз деп тапты. Бірақ бұл өңірде екпеден кейін ауырғандар болмаған.