Алматыдағы актриса қаза тапқан апатта айыпталушы Ілияс Кар оқиға болған жерден неге қашып кеткенін түсіндірді, - деп хабарлайды сот залында отырған Tengrinews.kz тілшісі. Ілияс Карға жол ережесін бұзды, соның салдарынан абайсызда үш адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасын жасады және апат болған жерден қашып кетті деген айып тағылған.
Алматыдағы актриса қаза тапқан апатта айыпталушы Ілияс Кар оқиға болған жерден неге қашып кеткенін түсіндірді, - деп хабарлайды сот залында отырған Tengrinews.kz тілшісі. Ілияс Карға жол ережесін бұзды, соның салдарынан абайсызда үш адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасын жасады және апат болған жерден қашып кетті деген айып тағылған.
Апат 2018 жылы 29 желтоқсанда болды. Mercedes Gelandewagen автомобилін жүргізген Ілияс Кар Mitsubishi Galant көлігін соққан. Мұның алдында полицейлер оқиға болған күні оның мас болғанын мәлімдеген. Ал Ілияс Кар сол кеште мейрамхана мен караокеге барғанын мойындаса да, ішімдік ішпегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол онкологиялық ауруға шалдыққан.
Сотталушы апатқа дейін бірнеше минут бұрын не болғанын айтып берді. Кар караокеден шығып, далада әйелімен ұрысып қалғанын мәлімдеді.
"Көлікке отырып, Наурызбай батыр даңғылымен келе жатып, батыс бағытта оңға Абай даңғылына бұрдым. Екінші жолақпен қозғалдым, себебі бірінші жолақ автобустардыкі болды. Алдымдағы жасыл бағдаршамды көріп, өтіп кету үшін жылдамдық қостым. Кейін бағдаршамның жанып-өшіп тұрғанын байқадым, тежеп үлгермейтінімді түсіндім. Бұл таңғы уақыт еді, жаңбыр себелеп тұрған", - деп түсіндірді ол.
Прокурордың айтуынша, апат кезінде Ілияс Кар шектеуге қарамастан сағатына 94 шақырым жылдамдықпен жүрген. Сотталушы қиылыста орнынан қозғалайын деп тұрған автобусты көріп, оны айналып өтпекші болғанын айтты.
"Сосын алдымнан Mitsubishi шықты, ал мен оның ортасына соғылдым. Көлік шетімен аударылды. Ал мені арғы жаққа алып кетті. Қарсы бағытқа шыға жаздадым. Кейін көліктен шығып, әлгі көлікке қарай жүгірдім. Оны аударып орнына қоюға тырыстық. Ішінен адамдарды көрдім, ес-түссіз жатты. Көмектесуге тырыстым, оларды шығарып алғым келді. Бірақ бір ер адам олай жасасам, зияным тиіп кетуі мүмкіндігін айтты. Кейін жедел жәрдем қызметін шақыруларын сұрадым. Мына адамдар, куәгерлер, көлікті мен жүргізгенімді білмеді. Бір кезде: "Жүргізуші қайда?" деп көлігіме қарай жүгіріп, айғайлап сұрай бастады. Былапыт сөздер айтып ұрыса бастады. Мен айыптау басталып кетуі мүмкін екенін түсіндім", - деді Ілияс Кар.
Оның айтуынша, осыдан кейін ол Сейфуллин бойымен солтүстік бағытқа кеткен. Сотталушы сыртқы киімді көлікте қалдырғанын атап өтті.
"Одан әрі сол жақтағы аулаға кірдім. Онда таңғы сегізге дейін отырдым. Кейін Масанчи көшесіне шығып, такси ұстап, "Барахолка" жаққа кеттім, күртешені, аяқ киімді сатып алғым келді. Өзімде жаздық аяқ киім болатын. Заттар сатып алдым. Сол жерде танысым Рамазанға хабарласып, "Юпитер" базарына шақырдым. Мен оған жағдайды түсіндірдім, ол заңгерге баруға кеңес берді. Түсте заңгерге хабарластық, бірақ ол қала сыртында болды", - деді ол.
Кейін Кар келесі күні, 30 желтоқсанда заңгерімен полиция бөлімшесіне келгенін хабарлады. Кейін ол тергеушімен қан тапсыруға ауруханаға барғанын айтты. Осыдан кейін Ілияс Карды уақытша ұстау изоляторына қамады.
Сотталушы көлік жүргізуде 15 жылдық тәжірибесі бар екенін және жол-көлік оқиғасына бұрын-соңды түсіп көрмегенін атап өтті.