Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес ОКҚ-да өткен брифинг барысында "Астана ЭКСПО-2017" ҰК басшысының ауысуына қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес ОКҚ-да өткен брифинг барысында "Астана ЭКСПО-2017" ҰК басшысының ауысуына қатысты пікірін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Басшылықтың ауысқаны, бұрынғы басшының кеткені туралы білгенде біз қатты алаңдадық. Кейін республиканың Президенті тиісті шараны қолданды, жаңа басшылықты тағайындады. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Милан ЭКСПО көрмесінде Қазақстанның ұлттық күні өткенде менімен кездесті. Кездесу барысында Президент мықты бұлжымастықтың барлық кепілі бар екенін, ұлттық компанияда жаңа жағдайлар мен жаңа басшылықтың тағайындалғанын айтты", - деп жауап берді журналистердің "Астана ЭКСПО" ұлттық компаниясы басшылығының ауысуына халықаралық көрмелер бюросындағылар қандай көзқарас танытты деген сұрағына Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы.
Оның айтуынша, Астанаға келудегі мақсат та сол болған - ұлттық компанияның жаңа басшылығының істеп жатқан жұмыстарына баға беру.
"Бұл сапардың мақсаты басшылық ауысқаннан кейінгі жұмыстарға баға беру. Айта кетуім керек, мен оң баға беремін. Жұмыс асқан тиімділікпен орындалып, жұмыс кестесі қатаң сақталған", - деді Лоссерталес.
"Яғни біз алаңдамаймыз, болған іс артта қалды. Әрине, ол кезде біз қатты таңғалып, алаңдадық, бірақ Президентпен кездескеннен кейін және кепілдік берілгеннен кейін ЭКСПО дайындығының бұрынғы деңгейде жалғасатынын ғана емес, тіпті одан әрі жетілгенін, соңғы екі айда жағдайдың жақсарғанын көрдік дей аламын", - деп сөзін қорытындылады Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы.
Еске сала кетейік, 9 тамызда Ахметжан Есімов "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының басшысы болып тағайындалды. Ал бұрынғы басшы Талғат Ермегиявқа қатысты аса ірі көлемде пара алу күдігі бар. Ол 2015 жылы 11 маусымда қызметінен босатылды және екі күн өткенде оның қамауға алынғаны белгілі болды. Мәліметтер бойынша, ұлттық компаниядан 10 миллиард теңгеден аса қаржы жымқырылған.