Әлеуметтік желілерде Астанада жұмысшылардың LRT вагондарын арқанмен тартып жатқан видеосы тарады. Бұл халық арасында түрлі сұрақ туғызды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Елорда тұрғыны түсірген бейнежазбадан арнайы киім киген жұмысшылардың вагон алдында қардың үстімен жүріп, оны қолмен тартып бара жатқанын көруге болады. Мұндай ерекше "тест-драйв" желі қолданушыларын таңғалдырды.
LRT операторы CTS компаниясы баспасөз қызметі мәліметінше, видео қаладағы деполардың бірінде түсірілген. Жұмысшылар вагондарды осылай біріктіреді екен.
"Жеңіл рельсті көлік желісіндегі іске қосу-реттеу жұмыстары аясында вагондарды рельске орнатқаннан кейін оларды қосудың технологиялық кезеңі жүріп жатыр. Бұл кезеңде вагондардың орналасуын қолмен реттеуге рұқсат етіледі, бұл тіркеу құрылғыларын дәл сәйкестендіріп, жылжымалы құрамның рельстегі орнын теңестіру үшін қажет", - делінген хабарламада.
CTS өкілдері бұл кезеңде вагондар жұмыс режимінде емес екенін және тарту жүйелерін пайдалану талап етілмейтінін айтты. Шағын қашықтыққа жылжыту "бақыланатын жағдайларда" қолмен жасалады. Барлық жұмыс қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып орындалады және рельсті көлікті пайдалануға беру кезіндегі штаттық практика.
Еске сала кетейік, Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін сынақтан өткізе бастағаннан бері алты ай өтті. Елорда әкімдігі мәліметінше, жобаны іске асыру жұмыстары қатаң кестеге сай жүргізіліп жатыр және жолаушылар тасымалын бастау биылғы көктемге жоспарланған.