Нұр-Сұлтанда LRT жобасын іске асыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр. Сотта прокурор айыпталушының бәрін кінәлі деп танып, жаза мерзімін тағайындауды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Нұр-Сұлтанда LRT жобасын іске асыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр. Сотта прокурор айыпталушының бәрін кінәлі деп танып, жаза мерзімін тағайындауды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Отырыс басында судья Қажымұхан Мекемтас жарыссөз басталғанын жариялады, кейін прокурор Диас Янгалышов айыптауды оқыды.
"ҚР ҚК-ның 52-бабы екінші бөлігі талаптарына сәйкес қылмыс жасаған адамға жаңа қылмыстардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуы тиіс. ҚК-де көрсетілген баптың үшінші бөлігіне сәйкес жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, кінәлінің жеке басы, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамды түзеуге, отбасы және оның асырауындағы адамдардың өмір сүру жағдайларына әсері ескеріледі", - деді прокурор Диас Янгалышов.
Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Янгалышов соттан іс бойынша айыпталушының бәрін кінәлі деп тануды және жаза мерзімін тағайындауды сұрады.
Прокурор Елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжоловқа 11 жылға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салу, жазасын барынша қауіпсіз колонияда өтеу жазасын тағайындауды сұрады.
Нұр-Сұлтан мәслихатының бұрынғы депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісовті қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, мүлкі тәркіленіп, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру сұралды. Сондай-ақ, "Құрмет" орденінен айыру.
"Astana Innovations" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшімді қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Прокурор соттан мердігер өкілі Ұлықбек Ачиловқа мүлкін тәркілеп, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтеу сұралды.
Мердігер өкілі Тимур Қасабаевқа сегіз жыл, Дулат Мусеновке мүлкі тәркіленіп, жеті жыл орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтеу сұралды.
Мердігердің тағы бір өкілі Дәурен Әбдіхамитовке 11 жыл орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтеу және мүлкін тәркілеу жазасы сұралды.
Прокурор Диас Янгалышов соттан "City Transportation Systems" ЖШС (бұрынғы "Астана LRT" ЖШС) азаматтық талабын 5,8 миллиард теңге көлемінде қанағаттандыруды, сондай-ақ сотталушылардан төрт миллион теңге сомасындағы процестік шығындарды өндіріп алуды сұрады.
Іс бойынша басқа күдіктілер іздестіріліп жатыр: бұл елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков және "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан.
Нұр-Сұлтанда LRT салу кезіндегі ақша жымқыру іс бойынша сот 2020 жылдың қазанында басталған. Бұған дейін жеті адамға айып тағылғаны хабарланған болатын. Олардың арасында елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, Нұр-Сұлтан мәслихатының бұрынғы депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов, "Astana Innovations" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім, сондай-ақ түрлі кәсіпорындар қызметкері Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов болған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпараты бойынша, қылмыстық схеманы әкімнің орынбасары Сұлтанбеков пен "Астана LRT" басшысы Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялар көмегімен ұйымдастырған. Екеуіне де халықаралық іздеу жарияланған.
Ардан 2014 жылдан 2017 жылға дейін "Астана LRT" төрағасы болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, ол ұрлық дерегі анықталғанға дейін елден кетіп қалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!