Нұр-Сұлтанда LRT жобасын іске асыру кезіндегі ақша жымқыру ісі бойынша сот тергеуі қайта басталды. Отырыс барысында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Қажымұхан Мекемтас сотталушылардың тыйым салынған мүлкін тізіп шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Нұр-Сұлтанда LRT жобасын іске асыру кезіндегі ақша жымқыру ісі бойынша сот тергеуі қайта басталды. Отырыс барысында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Қажымұхан Мекемтас сотталушылардың тыйым салынған мүлкін тізіп шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Сот осы қылмыстық іс бойынша тергеуді Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 385-бабы негізінде сот тергеуінде көмескі тұстар мен күмәндарды шешу үшін қайта бастау туралы қаулы шығарды. Атап айтқанда, қаралып жатқан іске байланысты бірқатар жағдайды, қамауға алынған мүлікті анықтау үшін. Жағдайларды нақтылау қажет. Соттың сотталушы Әбдіхамитовке бірнеше сұрағы пайда болды", - деді судья Қажымұхан Мекемтас отырыс барысында.
Бұл ретте судья мүлік бойынша мәселелер барлық сотталушыға қатысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұрынғы кәсіпкер Әбдіхамитов пен оның отбасы мүшелеріне бірнеше көлік пен жылжымайтын мүлік тіркелген.
Судьяның сөзінше, Әбдіхамитов отбасының тыйым салынған мүлкінің арасында жер телімі мен елорданың Алматы ауданындағы жеке үй бар.
"Негізі бұл үйді анам өз қаражатына сатып алған. Оның заңдастырылған ақшасы бар", - деді Әбдіхамитов.
Отырыс барысында сотталушының анасына Bentley, S-класты Mercedes , ГАЗ-33022, 2013 жылғы төрт Toyota Hiace, КамАЗ және Toyota Camry автокөлігі тіркелгені белгілі болды.
Әбдіхамитов отбасының тыйым салынған мүлкінің арасында: Әбдіхамитовтың жұбайына тіркелген жер учаскесі мен елорданың Алматы ауданындағы жеке үй, сондай-ақ бірнеше тұрақ орны, Алматы облысының Ынтымақ ауылындағы жеке үй бар.
Сондай-ақ, бұрын Әбдіхамитов иесі болған компанияға екі автомобиль тіркелген - Mercedes және Toyota Land Cruiser.
Судьяның мәліметінше, сотталушы Тимур Қасабаевтың мүлкі арасында 2011 жылы сатып алынған, жұбайына тіркелген Mitsubishi Pajero автокөлігі, сондай-ақ 145 500 теңге болған.
Сотталушы Ұлықбек Ачиловтың мүлкі арасында Целиноград ауданындағы Қосшы кентінде ипотекаға сатып алынған жеке үйге тыйым салынды. Қазір банк үйді тартып алмақ, себебі 2,5 жыл қарыз төлемеген. Сондай-ақ, ода 2006 жылдың сәуірінде сатып алынған Daimler және 2003 жылы сатып алынған Land Rover көлігі бар. Ачиловтың карточкасында 354 946 теңге көлемінде жеке қаражат болған.
Бұрынғы депутат пен Нұр-Сұлтан мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісовтың мүлкі ретінде Есіл ауданындағы пәтер мен екі тұрақ орнына тыйым салынған. Тұрғын үй 2012 жылы сатып алынып, оның атына 2014 жылы тіркелген. Сондай-ақ, оның бір миллион теңгеден аса жеке қаржысы болған.
Нұр-Сұлтан қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжоловтың да 2007 жылы Есіл ауданынынан сатып алынған пәтері тіркелген.
Сотталушылар қорғаушылары сот құрамындағы судья Қажымұхан Мекемтасқа қарсылық білдірді. Өтініш қабылданбады.
Нұр-Сұлтанда LRT салу кезіндегі ақша жымқыру іс бойынша сот 2020 жылдың қазанында басталған. Бұған дейін жеті адамға айып тағылғаны хабарланған болатын. Олардың арасында елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, Нұр-Сұлтан мәслихатының бұрынғы депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов, "Astana Innovations" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім, сондай-ақ түрлі кәсіпорындар қызметкері Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов болған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпараты бойынша, қылмыстық схеманы әкімнің орынбасары Сұлтанбеков пен "Астана LRT" басшысы Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялар көмегімен ұйымдастырған. Екеуіне де халықаралық іздеу жарияланған.
Ардан 2014 жылдан 2017 жылға дейін "Астана LRT" төрағасы болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, ол ұрлық дерегі анықталғанға дейін елден кетіп қалған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!