Атырауда 5 жылға бас бостандығынан айырылған азамат Жоғары сот үкімімен ақталып шықты, - деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырауда 5 жылға бас бостандығынан айырылған азамат Жоғары сот үкімімен ақталып шықты, - деп хабарлайды ATPress.kz.
Жылыой ауданының тұрғыны былтыр есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталып, аудандық сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда сот үкімімен келіспеген айыпталушы өзінің жазықсыз екенін айтып, апеляциялық сотқа шағымданған. Бірақ нәтиже болмай, үкім заңды күшінде қала берген. Ол кейін Жоғары сотқа шағымданған.
"2021 жылғы 18 маусымда полицейлердің заңсыз әрекеті нәтижесінде жазықсыз қамалып, 5 жылға жаза арқаладым. Менің кінәсіз сотталуым ең бірінші анама ауыр тиді. Сондықтан заң алдында адалдығымды дәлелдегім келіп, қорғаушымның көмегімен ҚР Жоғары сотына арыздандық", - дейді айыпталушы.
Оның айтуынша, марихуана тәріздес шөптің темекі ішіне салынған 2 данасын көшеден тауып алып оны, жолдастарына көрсеткен. Оның ішінде жақын досы да болған. Досы есірткінің бір данасын сұрап алып, оны полицейлерге тапсырып, неге екені белгісіз есірткіні досынан сатып алғанын айтқан.
"Осының бәрін алдын ала ұйымдастырғанын кейін түсіндім, себебі мен оған есірткі тауып алғанымды айтқан едім. Бұл жерде досым менен бір данасын алып, ал полицейлерге 2 дана қылып тапсырған. Оны кейін маған байқатпай түсірген бейнежазбасынан да көрдік. Неге екені белгісіз, досым "екі данасын сатып алдым" деп, маған нақақ жала жауыпты. Бұл жерде жолдасымның бұрын есірткімен ұсталғанын білетін полицейлер оны маған әдейі жіберген деп ойлаймын.
Ол менің бала күнгі досым еді, өзі кірген лас іске мені де қатысты қылып шығарады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Досымның сатқындығы жазықсыз темір торға қамалып, тар қапас түрмені көруіме себеп болды, онда кінәсіз отырудың өзі денсаулығыма әсер етіп, күйзеліске ұшырадым", - дейді ол.
Атырау облысының адвокаттар алқасының мүшесі Жандос Бисенов қорғауындағы адамның бұл іске ешқандай қатысы жоғын айтады.
"Қылмыстық іспен танысқанда, қорғауымдағы азаматтың жазықсыз екенін анық байқадым. Қай нәрсені болмасын саудалау үшін сату мен сатып алу рәсімі, яғни, белгілі бір тауардың бағасы, сатып алушы мен сатушының талаптары болады. Ал бұл жерде "есірткі саудасы болды" деп нақты айту үшін екеуара мәміле болғаны жайлы ақпарат қажет. Мұндай мәліметтер жоқ", - дейді адвокат.
Адвокат қалалық сотқа бірнеше өтініш берген, бірақ белгісіз себептермен ол да қанағаттандырылмаған. Оның сөзінше, соттың алғашқы отырысында кінәсі дәлелденбесе де, оған 5 жыл бас бостандығынан айыру үкімі кесілген. Сөйтіп, апелляциялық шағым берген. Алайда апелляциялық сатыда да сот үкімі өзгеріссіз қалған.
"Жоғары сот істі толық қарап, қорғауымдағы азаматтың осы қылмысқа еш қатысы жоқ екенін, бұдан бөлек ҚР процессуалдық қодексінің талаптары бұзылғанын анықтап, кассациялық шағымда өтінішімді қанағаттандырды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 297 бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыс болмаған, бұдан бөлек заң талаптары бұзылған. Осыған орай іс тоқтатылып, ол жазадан босатылды", - дейді адвокат.
Толықтай ақталып шыққан азамат Жоғары сот қаулысымен жазадан босап, бүгінде қызметіне қайта орналасқан. Жазықсыз айып арқалаған ол алдағы мақсаты отбасылы болып, жалғыз анасының үмітін ақтау екенін айтады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!