Мәжілісте биылғы парламенттік сессиядағы алғашқы Үкімет сағаты өтті. Отырыс ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына арналды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауыл тұрғындарын медициналық қамтамасыз етуде бүгінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға тоқталып, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған реформаларды жүзеге асыру барысы туралы депутаттардың сауалдарына жауап берді.

Вице-спикер Б.Кесебаева қазіргі таңда қазақстандықтардың шамамен 41% ауылдық жерлерде тұратынын, оның 3,6 млн немесе 46% балалар мен қарттар екенін атап өтті. Ал оларды сапалы медицинамен қамтамасыз ету ерекше назар аударуды және жаңа жұмыс әдістерін қолдануды талап етеді.
"Өкінішке орай бірқатар себептерге байланысты ауылдық жерлерде денсаулық сақтау мәселелерін жедел шешуді қажет ететін көптеген мәселелер қордаланып қалған. Медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру ауылдық жерлерде маңызды мәселеге айналып отыр. Бұның барлығы ескірген материалдық-техникалық базаға, дәрігерлер мен кіші медициналық персоналдың тапшылығына, медициналық техниканың жеткіліксіздігіне, дәрі-дәрмектерге қол жетімділіктің болмауына және басқа да жайттарға байланысты болып отыр", - деді Б.Кесебаева.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Мемлекет басшысының "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатымен келесі жылдан бастап "Ауылдық жердегі денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы іске асырылатынын атап өтті.
"Жобаның мақсаты - медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту. Ол үшін алдағы екі жылда 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысандары, 32 ауданаралық көпсалалы ауруханалар ашылатын болады. Оған 217 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді", - деді Б.Кесебаева.
Өз сөзінде Денсаулық сақтау министрі бүгінде ауылдарда 5 мыңнан астам ұйым медициналық көмек көрсететінін айтты. Оның ішінде 2 мыңнан астам медициналық пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 мыңнан астам дәрігерлік амбулатория, 200 емхана мен 200 аурухана бар. Ауруларды уақтылы анықтау үшін жыл сайын 3,1 миллионнан астам баланы қамтитын профилактикалық тексеру, 1,6 миллионнан астам ерте шақтағы балаларға скринингтік зерттеу жүргізіледі.

Министр жұмыссыз азаматтарға медициналық қолдау көрсету, білікті медициналық кадрларды тарту, жаңа ауруханалар мен фельдшерлік пункттер салу, жедел медициналық көмек көрсету, ауыл ауруханаларын интернетпен қамтамасыз ету мәселелеріне депутаттардың сауалына жауап берді.
