"Нұрлы жол" бағдарламасына бөлінген миллиардтаған қаржы әрбір тиынына дейін мақсатты жұмсалуы тиіс. Мәжілістегі "Нұр Отан" фракциясының кеңейтілген жиынына қатысушылар осыған айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай "Нұр Отан" партиясы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуын ұдайы қадағалап отырады. Олардың арасында "Нұрлы жол" бағдарламасына ерекше көңіл бөлінеді. "Нұрлы Жол" бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланған жиынға "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед төрағалық етті. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.
"Нұрлы жол" бағдарламасына бөлінген миллиардтаған қаржы әрбір тиынына дейін мақсатты жұмсалуы тиіс. Мәжілістегі "Нұр Отан" фракциясының кеңейтілген жиынына қатысушылар осыған айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай "Нұр Отан" партиясы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуын ұдайы қадағалап отырады. Олардың арасында "Нұрлы жол" бағдарламасына ерекше көңіл бөлінеді. "Нұрлы Жол" бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланған жиынға "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед төрағалық етті. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады.
Басқосуда "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыруға тікелей жауапты ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың баяндамасы тыңдалды. Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аса маңызды, көптеген аймақтарда инфрақұрылымдардың әбден тозығы жеткен, салдарынан апаттар жиілеп барады. Бағдарлама бойынша 2016-17 жылдары 1182 шақырым коммуналдық желі тарту жоспарланған. Оның 170 шақырымы - биыл, қалған бөлігі келесі жылы жүргізілмек. Құрылысшылар мұндай ауқымды жұмысты өз мерзімінде аяқтай ала ма? Ендігі мәселе осында. Жиын барысында ұлттық экономика министрлігі тарапынан құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына, оның ішінде 300, 600 және 900 орындық мектептердің құрылысына арналған типтік жобалар бекітілгені айтылды. Бұл жобалар жүзеге асса, қаражат үнемдеуге мол мүмкіндік берері анық.
"900 орындық мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі керек болатын алайда берілмеді оны біз бас прокуратураға шығып, тиісті бақылауға алып қазір құрылыстың аяқталуына септігімізді тигізіп жатырмыз ал мердігерге шара қолданылады деп ойлаймын", -"деді "Нұр Отан" фракциясының мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
"Инфрақұрылымға келетін болсақ, ең бастысы, біз жақында қарадық, екі жоба - Қорғас шығыс қақпа ЕЭА және Атыраудағы ұлттық мұнай химия технопаркі, жыл соңына дейін 17 млрд теңге игерілу керек. Мерзім өте қысқа, осы мерзім ішінде атқарылу керек, өйткені бұл өте маңызды жоба", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі Мұхтар Ерман.
Кәсіпкерлік саласына мейлінше қолдау көрсету «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. 2015-16 жылдары бизнес иелерін қолдауға 185 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде 419 шағын-орта бизнес субъектлері 72 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несие алды. 14 мыңдай жұмыс орны ашылып, 10 миллиард теңгеден астам салық төленді. Әйтсе де олқылықтар баршылық.
"Кейбір кәсіпкерлер ақшаны алып алады да өндіріс саласымен айналыспайды, ақшаны басқа мақсатқа жұмсауда және тиісті салығын төлемей жатыр. Осындай кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиені алуына жол бермеуміз керек. Оларға Бәйтерек, Даму қоры тарапынан бақылау үнемі жүргізілуі тиіс, толық мониторинг болу керек: олар қанша өнім шығарды, қанша жұмыс орнын ашты, қанша салық төледі?", - деді өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі Нұртай Сәбильянов.
Қысқасы, экономиканы дамытып, жұмыс орындарын арттыруға бағытталған миллиардтаған қаржы әрбір тиынына дейін игерілуі тиіс екендігі айтылды.
"2015 жылдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы 8 млрд үстінде болды, ал одан екі жыл бұрын 60 млрд болатын. Депутаттар өз тарапынан бақылдау жүргізгенінің нәтижесінде игерілмеген қаржы көлемі жылдан жылға азайып келеді, десе де, бұнымен тоқтамау керек, 1 млрд игерілмей қалса да бұл үлкен кемшілік, себебі бөлінген ақша игеріліп, тиісті жұмыс орындары ашылып салынып жатқан нысандар ел игілігіне қызмет етуі керек", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі Шавхат Өтемісов.
"Нұрлы Жол" бағдарламасын жүзеге асыруға бас-аяғы 5 триллион 300 миллиард теңге бөлінген. Экономика мен әлеуметтік саланы қолдауға Қазақстаннан өзге посткеңестік елдердің ешқайсысы мұндай қыруар қаржы қарастырмады. Оның үстіне дәл қазіргідей дағдарыс жағдайында. Жиын барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осыған айрықша тоқталды.
"Елбасымыз жаһандық экономиканы жайлаған дағдарысқа қарамастан, "Нұрлы жол" бағдарламасына миллиардтаған АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлгізді. Сол орасан зор қаражатқа атқарылған жұмыстың сапасы, мерзімі және мақсатты пайдалануында көптеген елеулі қателіктер кеткеніне көзіміз жетіп отыр. Енді бұл мәселе ұдайы партия бақылауында болады. Халыққа арналған әрбір теңге сол халықтың игілігіне айналуға тиіс. Республикалық деңгейден бастап әрбір бастауыш партия ұйымына дейін "Нұр Отан" партиясы өкілдері осы бағдарламаны тұрақты бақылауға алуы керек. Өйткені бұл Елбасының бағдарламасы, сондықтан бұл әрдайым елдің назарында болуы керек деп есептеймін", - деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті қаулы қабылданды. Оған үкіметке, мемлекеттік және жергілікті атқару органдары мен квазимемлекеттік сектор нысандарына бағытталған ұсыныстар енгізілді. Сол бойынша құзырлы мекемелер "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында атқарған жұмыстарын жетілдіре түспек.