Қарағандыда өткен аңшылар құрылтайы Облыстың әр түкпірінен жиналған саятшылар ит жүгіртіп, құс салды, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Қарағандыда өткен аңшылар құрылтайы Облыстың әр түкпірінен жиналған саятшылар ит жүгіртіп, құс салды, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Астанадан арнайы келген кинологтар нағыз құмай тазылардың тұқымын анықтап, тізімге енгізді. Олар қазақтың жеті қазынасының бірін халықаралық дәрежеде мойындатуды көздеп отыр. Қазақ құмай тазыны "жеті қазынаның бірі" деп жоғары бағалаған. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы жылдары иттің бұл түрі жоғалып барады.
Телеарнаның мәліметінше, шараның басты мақсаты - жан-жақтан жиналған тазылардың арасынан таза қандысын тауып, тізімге алу. Бұхар Жырау ауданынан келген Әсет Шалтаевтың тазысы жақында ғана Астанада өткен жарыста бас жүлдені жеңіп алыпты. Сол жолы кинологтар "Басарға" қазақтың құмай тазысы деген құжат берген. Ал иесі болса, осындай жиындар жиі өтіп тұрса дейді.
"Ата-баба жолын жалғастырып, осы тазыларды көбейту мақсатымыз. Қазір аз, көбейту керек, сол үшін осындай көрмелер керек", - дейді кинолог Әсет Шалтаев.
Мамандардың айтуынша, қазір әлемде 400-ден астам иттің түрі бар. Соның ішіндегі ең жүйрігі осы қазақтың құмай тазылары. Оны енді халықаралық дәрежеде мойындату үшін дәйекті дәлел керек. Яғни халықаралық кинологиялық ұйымға елімізде 1 мыңнан астам құмай тазының бар екенін растайтын құжат тапсыруымыз қажет. Өкінішке орай, қазір Қазақстанда бар-жоғы таза қанды 200 тазы ғана тіркелген.
"Қансонар" аңшылар қауымдастығының бас кинологы Инна Назаренконың айтуынша, барлығы да халықтың өзіне байланысты. "Осындай шараларға қатысып немесе бізге келіп тіркелу керек. Өкінішке орай, ауыл-ауылдағы итбегілердің басым көпшілігі тазыларына құжат алуға құлықсыз, аң ауласа болды деп қарайды", - дейді ол.
Жарыстың қорытындысы бойынша Әсеттің құмай тазысы тағы бас жүлдені жеңіп алды. Қалғандары да марапаттан құр қалған жоқ.