Сенаторлар көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша заң жобасына түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сенаторлар көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша заң жобасына түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын талқылау барысында сенаторлар өзгерістер енгізу қажеттігін мәлімдеді. Атап айтқанда, Парламенттің жоғарғы палатасы заң жобасына діни қызмет мәселелеріне қатысты түзетулер енгізді:
- "діни мазмұндағы ақпараттық материал" терминінің редакциясын нақтылау, мағыналық және құқықтық жүктеменің болмауына байланысты анықтамадан "мәтіндік сілтемелерді қоса алғанда" деген сөздерді алып тастау;
- азаматтық құқықтар тек жеке тұлғаларға қатысты қолданылатындықтан, дінге деген көзқарасқа негізделген заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын қорғауға қатысты норманы алу;
- ғибадат үйлерінен (ғимараттардан) тыс өткізілетін діни іс-шараларды алдын ала хабарлама беру немесе бермеуі бойынша нақтылау, сәйкесінше ғибадат ету орындарында, зираттар мен крематорийлерде, тұрғын үйлерде, қоғамдық тамақтану объектілерінде жүргізілетін діни іс-шаралар хабарланбайтын болады, өйткені олар заңнамаға сәйкес кедергісіз жүргізілуге тиіс;
"Сенаторлар құжатқа ар-ождан бостандығын қамтамасыз етуге және діни іс-шаралар өткізу тәртібін жеңілдетуге арналған бірқатар маңызды өзгерістер енгізді. Бұл түзетулерге халықаралық сарапшылар оң баға берді", - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобасы хабарландыру, жарнама, прейскурант, баға белгілері, мәзір, көрсеткіштер және басқа да көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруды көздейді.
"Негізгі жаңалықтар: әкімшілік атаулардың, бірліктердің, географиялық және физикалық нысандардың атауларын жазу нормалары қарастырылған. Елді мекендердің орыс немесе басқа тілдерде жазылуы өзгеріссіз қалады. Екіншіден, Қазақстан ратификациялаған келісімдерге сәйкес жол белгілері, қажет болмаса тек қазақ тілінде толтырылады. Мысалы, Қызылорда облысының шағын ауылында айналма жол болса, қазір ол үш тілде жазылып тұрған болса, жаңа Заң жобасына сәйкес, егер бұл халықаралық жол болып, туристік маршрут болмаса, онда тек қазақ тілінде жазуға рұқсат етіледі. Бірақ бұл халықаралық жол немесе маңызды елді мекен болса, онда басқа тілдерде жазу мүмкіндігі сақталады", - деп толықтырды БҒМ басшысы.
Министрдің айтуынша, заң жобасының нормалары мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, көрнекі ақпаратта қате жіберу мүмкіндігін барынша азайтады.
"Енді мемлекеттік емес мекемелердің атаулары, мысалы, шаштараз Әйгерім, Керуен дүкені міндетті түрде қазақ тілінде, қажет болған жағдайда орыс, ағылшын және басқа да тілдерде жазылуы тиіс. Заң жобасы хабарландыру, жарнама, прейскурант, баға белгілері, мәзір, көрсеткіштер және басқа да көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруды көздейді. Бір кездері қазақтілді халық тұратын елді мекендерде мәзірді екі тілде жазуды талап еттік. Егер олай жасамаса айыппұл салынды. Бұл талап кәсіпкерлердің, тіпті мұндай қажеттілік болмаса да, мәзірді екі тілде жазуына алып келді", - деп қосты Асхат Аймағамбетов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!