Биыл Маңғыстау облысында тұңғыш рет мектептегі білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында Отпан жобасы іске асырылуда.
Биыл Маңғыстау облысында тұңғыш рет мектептегі білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында Отпан жобасы іске асырылуда.
Жобаның басты мақсаты - өңірде 50 тірек мектебін бекітіп, еліміздің жетекші мектептерімен ынтымақтастықта кешенді әдістемелік қолдау тетіктері арқылы білім беру сапасын арттыру.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай "Отпан" жобасына енген шалғай ауылдарда орналасқан ауыл мектептердің жағдайымен танысты. Алдымен өңір басшысы барған білім ордасы Түпқараған ауданындағы Шахта мектебі. Жобаға 700-ге жуық оқушы мен 80-нен астам мұғалім қатысуда, шамамен 17-19 оқу сыныптары мен зертханаларын жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданы Онды ауылындағы Әбіш Кекілбаев атындағы мектептің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Мұнда Отпан жобасына 270-ке жуық оқушы мен 40-тан астам мұғалім қатысуда, шамамен 16 оқу сыныптары мен зертханаларын жаңғырту жоспарланған. Айта кету керек, жаңа оқу жылы қарсаңында бастау алған бірегей жобаға Бейнеу, Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандары, Жаңаөзен мен Ақтау қаласынан барлығы 50 мектеп қатысады. Аталған мектептерде материалдық базаны жаңарту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ аудандар мен облыстың әдістемелік орталықтарын дамыту бағдарламасы іске қосылды. Отпан жобасына қатысатын мектептер тізімі furo.kz сайтында жарияланған.
Жоба шеңберінде осы 50 мектепте білім алатын 60 мыңнан астам оқушыларды қамту, 7 мыңға жуық мұғалімдер, мектеп әкімшілігі, психологтар, әдіскерлер, білім беру бөлімінің мамандарын оқыту қарастырылған.
Бастапқы кезеңде мектептердің ғимараттарының жай-күйіне талдау жүргізілді. Нәтижесінде сыныптардың материалдық және техникалық базасын жаңарту бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Екінші кезекте мұғалімдердің кәсіби қажеттіліктері анықталды, соған орай ұстаздардың біліктілігін арттыру Назарбев Зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері бастаған бір топ тренерлер мен сарапшылар даярлаған арнайы оқу бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Келесі бағыты - мектептерде құрылған педагогтер мен оқушыларды әрі қарай сүйемелдеу жұмыстары.
Жобаны облыстық білім басқармасы мен білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асыруда.
"Облыстағы ұстаздардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар маусым айында басталды. Семинарлар мен тренингтер 13 пәннен, педагогика мен психология, бастауыш сынып секілді бағыттар бойынша жүргізіліп жатыр. Отпан жобасы аясында шығындардың басым бөлігі кәсіпкерлердің демеушілік көмегі арқылы өтелетінін атап айту керек. Әрбір қатысушы мектептің материалды-техникалық базасын жаңартуына және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға демеушілер тарапынан 170 млн. тенге шамасында қаражат беріледі. Оған қоса, мектептегі жөндеу жұмыстарына облыстық әкімдік тарапынан 1,5 млрд. теңге бөлініп отыр", - деді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.
Жобаны іске асыру мерзімі екі жыл, қосымша тағы бір жыл аясында педагогтерді сүйемелдеу жұмыстары көзделген.