Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.80
EUR / KZT - 390.57
CNY / KZT - 49.88
RUB / KZT - 5.60

Маңғыстаудың экономикасы әзірге мұнай өндіру арқылы ғана өркендеп тұр - Назарбаев

01 Қазан 2014, 19:15
0
Фото © tengrinews
Фото © tengrinews

Маңғыстаудың экономикасы мұнай өндіру арқылы ғана өркендеп тұр, өңірде басқа салалардың да жұмысын жетілдіру қажет. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтаудағы кәсіпкерлермен және қоғам өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Мемлекет басшысының сайтына сілтеме жасай отырып.

"Маңғыстауда уранның кені мол. Аймақта стронций, (күміс түсті жұмсақ металл) мыс, мырыш, минеральды тұздардың қоры да баршылық. Дегенмен аталған ресурстарды өндіру кемшін. Мұның барлығы металлургиялық өнеркәсіптің әлеуетін көтеретін, жаңа индустриалды-инновациялық жобалардың іске асуына септігін тигізетін ресурстар.  Өңірдің экономикасы әзірге тек мұнай өндіру арқылы ғана дамып тұр. Өңірдегі шағын және орта бизнестің үлесі 18 пайыз ғана. Сондықтан біз өңірде басқа салалардың да дамуына жол ашуымыз керек" - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған орай Мемлекет басшысы мұнай өндірісімен байланысты емес салаларды, атап айтқанда, логистика, транзит, сервистік қызмет және туризмді дамыту қажеттігін айтты. Қазақстан Президенті арнайы жұмыс тобын құрып, Үкіметте алдын ала талқылап алу арқылы Кендірлі аймағын және басқа да тартымды аудандарды дамыту бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.  Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев аймақтағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына оң баға берді.

"Менің тапсырмаммен Ақтау теңіз портының жүк тасымал қуаты 12,5 млн тонна жүк тасудан 16 млн тоннаға ұлғайтылды. 2020 жылы бұл порт арқылы жүк тасу 22 млн тоннаға жеткізіледі. Иран жыл сайын 6 млн тонна астық қабылдауға даяр. Иранмен жасалған келісімдер бізге жаңа жетістіктер әкеледі. Ақтау теңіз портының мүмкіндігі біздің экспорттық әлеуетімізді нығайтады" - деді ол.

Бұған қоса Елбасы Әзірбайжан инвестициясы арқылы салынып жатқан Ақтаудағы логистикалық орталықтың бізге берері мол екенін, бұл логистикалық орталықтың салынуы тұтынушыларды сапалы әрі арзан жеміс-жидек және көкөністермен қамтамасыз ететінін де атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда алғаш құрылған арнайы экономикалық аймақ (АЭА) туралыда да өз пікірін білдірді.  "АЭА 2002 жылы құрылған, инфрақұрылым 2009 жылы ғана салына бастады. Тіркелген 31 АЭА-ның тек бесеуі ғана жұмыс жасайды. Ондағы кәсіпорындар 220 миллиард теңгеден астам соманың өнімін шығарып, 10 миллиардқа жуық салық төледі. Қайтарым бар, сондықтан олардың әлеуетін жүзеге асыруды жалғастырған жөн. Енді инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізу қажет" - деді ол. 

Елбасы Маңғыстау облысының шөлейттік аймақта орналасқанын да, мұнда ауыл шаруашылығын жүргізу оңай емес екенін де айтты. "Облыс халқы жылына 20 мың тонна ет тұтынады, ал өздері 5,5 мың тонна ет өндіреді. Өңірде жыл сайын 500 тонна балық ауланады, ал сұраныс 5 мың тоннаны құрайды. Бұл саланы дамыту мәселесін жүйелі түрде шешу керек" - деді Н.Назарбаев.

Бұған қоса ол  облыста өлім-жітім мәселесі, ана мен бала өлімі төмендеп келе жатқанын да сөз етті. "Алайда, дәрігер мамандармен қамтылу деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 20 пайызға төмен. Балабақшадағы орын тапшылығы 12 мыңды құрайды, бұл - ел бойынша нашар көрсеткіштің бірі. Ал облыс басқа өңірлер мен көршілес мемлекеттерден келетін халық саны жағынан республикада алдыңғы орында" - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы көші-қон ағынын басымдығы бар өзге өңірлерге бұру үшін Үкімет қажетті жағдайлар жасауы керектігін айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвестициялар тартудың маңызына тағы бір рет назар аударып, облысты қарқынды дамыту үшін жасалған шарттарды белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында Маңғыстау облысының әкімі Ә.Айдарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, Инвестиция және даму жөніндегі министр Ә.Исекешев облыстағы индустриялық-инновациялық бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасады.
 

 


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай