Маңғыстаулық дәрігер Ақтау - Тараз бағытында ұшып бара жатқан ұшақ бортында әйел адамды өлімнен арашалап қалды, - деп хабарлайды lada.kz.
Маңғыстаулық дәрігер Ақтау - Тараз бағытында ұшып бара жатқан ұшақ бортында әйел адамды өлімнен арашалап қалды, - деп хабарлайды lada.kz.
Порталдың хабарлауынша, әйелдің өмірін сақтап қалған Нәдірқожа Мұсаев Маңғыстау облыстық ауруханасының шұғыл көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Мұсаевтың айтуынша, ұшақ жоғары көтеріліп кеткен кезде жолаушылардың бірі өзін нашар сезініп, жағдайы күрт нашарлаған.
"Әйелдің қан қысымы 60/0 көрсеткішіне дейін түсіп кетті. Бұл есеңгіреу халінің ең жоғары деңгейі болып есептеледі. Абырой болғанда, алғашқы жансақтау көмегін көрсетуге қажетті заттардың барлығы бортта бар болып шықты. Маған Таразға ұшып бара жатқан мейірбике көмектесті. Қан қысымын дәрілердің көмегімен 120/80-ге көтердік", - деді ол.
Дәрігердің сөзіне қарағанда, олар ұшақ бортында адреналин, жүрекке қажетті және ауырғанды басатын екпе салған, дәрі тамызған. Жансақтау әрекеттері шамамен бір жарым сағатқа созылған.
"Таразға ұшып келгенде әйел есін жиған болатын. Біз оны әуежайда күтіп алған кардиобригадаға тапсырдық", - деді Нәдірқожа Мұсаев.
Порталдың ақпараттарына сүйенсек, ұшақта дәрігерге көмектескен мейірбике кейін Мұсаевқа хабарласып, әйелдің кардиожансақтау ауруханасына жатқызылып, емдеп, үйіне босатылғанын айтқан.
"Мен әрине электрокардиограмманың қорытындысын көрдім, түріне қарағанда инфаркт алғандай болды. Әйелді құтқарып қалғанымды батырлық деп санамаймын, бұл менің күнделікті жұмысым", - деді Мұсаев.
Айта кетейік, әйелді дәрігерлер алып кеткеннен кейін борттағы жолаушылар орындарынан тұрып, қол соғып, Мұсаевқа қошемет білдірген.