Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Президент келіссөздер барысында басты мәселелерге ден қою керек деп санайды.
"Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек. Бірақ қазір жаһандық сауда мәселесін талқылауға көшіп кеттік. Қиындықтарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны – үлкен проблема", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін, 17 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының "Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties" панелдік сессиясына қатысты. Іс-шараны Түркия Парламентінің депутаты, бұрынғы сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы жүргізді.
Іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы жаһандық қауымдастық алдында тұрған негізгі үрдістер және жақын болашаққа арналған халықаралық күн тәртібін қалыптастыру туралы өз көзқарасын бөлісті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!