ПОДЕЛИТЬСЯ
31 мамыр 2021 | 17:18
Мектеп оқушысы Шарындағы селден қалай аман қалғанын айтты
"Мен судан айламды асырдым. Өзімді бос ұстап, сумен аға бердім, бір кезде тастан жылдам ұстанып, көтерілдім". Селден аман қалған 11 жастағы Зере қалай құтқарылғанын осылай баяндайды. 29 мамырда Шарын шатқалында болған сел тасқынында қыз оқиға орнынан үш шақырымға ағып кеткен. Өзі жүзе де алмайды. Алайда ол бар күшімен өмірге жармасып, жеңіске жетті. Құтқарылған мектеп оқушысының анасы Жания Әбішева қызының құтқарушылар келгенге дейін қалай аман қалғанын және шатқалда қалай түнеп шыққанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
"Мен судан айламды асырдым. Өзімді бос ұстап, сумен аға бердім, бір кезде тастан жылдам ұстанып, көтерілдім". Селден аман қалған 11 жастағы Зере қалай құтқарылғанын осылай баяндайды. 29 мамырда Шарын шатқалында болған сел тасқынында қыз оқиға орнынан үш шақырымға ағып кеткен. Өзі жүзе де алмайды. Алайда ол бар күшімен өмірге жармасып, жеңіске жетті. Құтқарылған мектеп оқушысының анасы Жания Әбішева қызының құтқарушылар келгенге дейін қалай аман қалғанын және шатқалда қалай түнеп шыққанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Туристер тобы Алматыдан Шарын шатқалына таңғы сағат 7.00-де шыққан. Жания Әбішеваның айтуынша, қызымен бірге автобуста төрт қыз, үш ұл және ата-аналар мен мұғалімдер, олардың туыстары болған. Ал сел сол күні түсте болды.
"Біз үйде болдық. 13.30-да ата-аналар оқиға туралы жаза бастады. Бірінші болып оқушылардың бірінің анасы баласын ауруханаға апара жатқанын айтты. Күйеуім бірден сол жаққа кетті, мен бәріне қоңырау шала бастадым, бірақ Шарында желі ұстамайды, ешкім алмады. Бізге Зере жоғалғандар мен қайтыс болғандар тізімінде жоғын айтты. Ол бізді күтіп отыр деп үміттендік. Сағат 17.00-ге қарай қызыңыз жоғалып кетті деген хабар келді", - дейді ол.
Осы хабардан кейін Жания Шарынға аттанады. Ол жеткенде қараңғы батып кеткен, құтқарушылар іздеу жұмысын тоқтатқан кез. Алайда олар мектеп оқушысын іздеуді өздері жалғастыра берген.
"Біз бұл жерге шамамен 00.00-де келдік. Онда қызу іздестіру, шу, жарық шамдар болады деп ойлағанбыз. Бірақ тыныштықты ғана көрдік. ТЖМ қызметкерлері іздеу жұмыстары таңғы сағат 5.00-де қайта басталатынын айтты. Біз түні бойы өзіміз іздедік, 50-ге жуық адам болдық. Екі командаға бөліндік, бір команда жоғарғы жағынан, екіншісі төменгі жағынан іздеді. Таңертең куәгер қыздардың бірі суға ағып кеткені бейнеленген сурет жіберді. Бұл Зере еді. Таңертең құтқарушылар қосылды. Олар "Қыз өзенге құлап кетсе, мүмкіндік жоқ" деді", - дейді.
Жалпы есептегенде Зере бір тәулікке жуық іздестірілді. Оны 30 мамырда сағат 9.34-те Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи қорығы қызметкерлері Шарын өзенінің бойында жерүсті іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде тапты.
"Таңертең қызым төбеде әскери формадағы адамдарды көріп, айғайлап, көмекке шақыра бастады. Олар оны естіді. Зере жағалаудың арғы жағында тұрды, оны тікұшақпен құтқарды. Қазір Алматы ауруханасында жатыр. Оның миы шайқалған, суық тиген, түрлі жарақат алған, сынған жері жоқ. Қызым есеңгіреп қалған", - дейді анасы.
Мектеп оқушысы есін жиды, ол анасына сол күні не болғанын басынан аяқ айтып берген.
"Зеренің айтуынша, ол үш қызбен бірге тар жолмен алда келе жатқан. Айналасында тастар. Жаңбыр басталып, қыздар тастардың астына жасырынған. Суды көргенде жоғары көтерілмек болады, бірақ қауіпті деп ұйғарып, сол жерде тұра береді. Екі мұғалім: сынып жетекшісі мен тәлімгері сол кезде оларға жүгіріп барып, құшақтап, оларды жауып тұрады. Қыздар соңына дейін тастардан ұстауға тырысады. Алайда бір сәтте шаршап, қолын жібереді. Сөйтіп су алып кетеді", - дейді Жания.
Зере жүзе алмайды. Басында қатты қорқып, үрейленген. Кейін суға бата бастағанда сөмкесін тастап, ағынмен кеткен.
"Сабыр сақтап, қол-аяғымды бос ұстап, дем ала бастадым, кейін өзен бойымен ағып кеттім. Біраз уақыт есімді жоғалтып алдым, ал оянғанда тасқа қолым жететінін көрдім. Аман қалу үшін судан шығу керек екенін түсіндім. Мен судан айламды асырдым: қарсыласпай ағып келе жаттым да кейін барлық күш-жігерімді жинап тастан ұстадым", - деп әңгімелепті мектеп оқушысы анасына.
"Аяғым қан болды, шамасы, жарақаттап алғанмын. Инфекция болмас үшін шұлығымды шешіп, жараланған аяғыма кидім. Көзіме құм кіріп кетті, ештеңе көрмедім. Өзенге жақындап, екі ұрттап су іштім де қайтадан орныма бардым. Қараңғы түскенде мені ешкім таба алмайтынын білдім, сондықтан таң атқанын күттім. Жата алмай, отырып ұйықтадым, түрлі дыбыстардан ояндым. Түні бойы мені тікұшақпен құтқарушылар алып бара жатқанын елестеттім. Таңертең тағы айғайлап көмек шақырдым, бірақ ешкім естімеді. Кейін тікұшақты көрдім. Ол мен отырған жерді көрмеді", - депті Зере анасына.
Жания Әбішева қызының батылдығына таңғалған. Зере - отбасындағы тұңғыш бала.
"Бұл жағдайда ол өзін өте батыл және ересек адам ретінде ұстады. Мен таңғалдым, өйткені ол тіпті құмырсқалардан қорқады. Өте нәзік, сабырлы қыз. Бірақ ол ешқашан берілмейді, бұл рас. Ол өнер мектебіне түсіп, 8.30-дан 18.40-қа дейін оқиды, өте жақсы оқиды. Ол әлі сіңлісіне қарасып, маған көмектеседі", - деп қосты қыздың анасы.
Жания Әбішева болған оқиғаға мектепті, мұғалімдерді немесе ата-аналарды кінәламайды. Әйел тек сол күнгі ауа райын ескере отырып, Шарынға балаларды қалай жібергеніне таңғалады.
"Шарын үшін жауап беретіндерге жалғыз бір кінәрат-талабым бар. Олар алдағы жауын-шашын туралы ескертуі керек еді. Қатты жаңбыр мен бұршақ болды. Бізге ауа температурасы 25 градус болады деп айтылды, қызым шолақ шалбар мен жейде киіп шықты. Өзімен бірге сырт киімі болған жоқ. Тіпті жаңбыр жауа бастағанда оларды неге қайтармаған? Балалар бұл уақытта тар жерде жартастар арасында сыныппен отырған", - дейді Жания.
Жанияның айтуынша, қыздарды ағыннан құтқармақ болған сынып жетекшісі мен тәрбиеші қазіргі уақытта ауруханада ауыр халде жатыр. Қыздардың бірі қайтыс болды, қалған екеуі Зере сияқты қазір медициналық мекемелерде.
Еске салайық, 29 мамырда Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шарын шатқалында қайғылы оқиға болды. Сел жүріп алты адам жарақат алды, 2 адам қаза тапты. Сел тасқыны ауа райының күрт өзгеруінен болған. Бұл жерде нөсер жаңбыр болып, шамамен 15 минут бұршақ жауып өткен.
Шарын шатқалындағы сел: құтқарылған қыз оқиғаның мән-жайын айтты
Кейін Білім және ғылым министрлігі Шарын шатқалындағы селден Алматы қаласындағы №199 гимназияның оқушысы мен мұғалімі қаза тапқанын хабарлады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также