Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің медицина мектебінде болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің медицина мектебінде болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Іс-шара барысында Қазақстан Президенті бейінді білім берудің заманауи талаптарына толықтай сай келетін медицина мектебінің жаңа ғимаратын аралап көрді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев оқушылармен және педагогтармен кездесті.
Әңгімелесу барысында Елбасы қазіргі уақытта әлемнің медицина мен биология саласындағы ғылыми прогресс алдында тұрғанын атап өтті.
"Жаңа медицина мектебінің жабдықталуын, оқыту деңгейін әлемнің үздік университеттерімен салыстыруға болады. Сондықтан мен өздеріңізден үлкен жаңалықтар күтемін. Сіздердің зерттеулеріңіз, зертханалық мүмкіндіктеріңіз, оқытушылардың ғылыми әлеуеті сырқаттың ең күрделі түрлерін емдеудің, адам өмірін ұзартудың жаңа әдістерін табуға мүмкіндік береді. Бұл мектеп өзімен бірге басқа университеттерді ілгері жетелейтін негізгі базалық оқу орны ретінде құрылды", - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті XXI ғасырда ақпараттық технологиялармен қатар медицина мен биологияның да алдыңғы орынға шығып отырғанын айтты.
"Барлық ғылымдар өзара байланысты, көптеген жаңалықтар олардың тоғысуынан пайда болады. Осы оқу орнының қабырғасында ғылым дамуға тиіс, бізге жан-жақты ғалымдар қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы жиналғандарды оқу орнының жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтап, алға қойған мақсаттарына жетуіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, медицина мектебінің ғимараты 9 қабаттан тұрады, жалпы көлемі - 39 825 шаршы метр. Онда ғылыми және оқу зертханалары, симуляциялық орталық, анатомиялық зертхана, лекция залдары мен топтық сабақ алуға және кеңсеге арналған бөлмелер, кітапхана, асхана бар.