Арыста жойқын апат болған кезде оқиға орнынан видео түсірген сарбаз төтенше жағдай кезінде ата-анасына арнап қалай соңғы видеосын жазғанын әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Арыста жойқын апат болған кезде оқиға орнынан видео түсірген сарбаз төтенше жағдай кезінде ата-анасына арнап қалай соңғы видеосын жазғанын әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматылық 27 жастағы Исатай Әлібаев үйленген, төрт ай бұрын әке атанған - қызды болған. Әскерге ол 2011 жылы шақыртылып, содан бері лейтенант шеніне дейін қызмет еткен.
Оның айтуынша, оқиға болып жатқан кезде жағдайды бағамдау қиын болған. Ер адам бомбалау басталып кетті ме деп ойлаған.
"Мұның бәрі сағат шамамен 9.15-9.20 аралығында болды. Снаряд ұшып жатты, жарылып жатты, жарылыс толқыны болды. Бізді бомбалап жатқандай әсер болды. Қорғаныс пунктінде жасырынасың, ол қирап, одан да қайыр жоқ. Бәрі сілкініп, қирап жатыр. Әрең құтылдық, екі-үш метр жерден сынықтар ұшып жатты", - дейді Исатай.
Лейтенант Әлібаев бірнеше метр жерде снаряд түсіп, жарылып жатқанда өлемін деп ойлаған. Соңғы әрі жалғыз тілегі ата-анасын жақсы көретінін айтып, өсиет қалдыру болыпты. Осылайша Исатай Қазнетке тараған видеоны түсірген.
"Ойлап көріңіздерші - кез келген сәтте өліп кетуім мүмкін еді. Өлім алдында ата-анаммен шынымен қош айтысып, жақсы көретінімді айттым. Бірақ кейін сабыр сақтап, берген антымды орындауды ұйғардым, не істеуім керектігін ойландым. Көп ойланбай ақыры өлсем, ата-анама қош бол айтып, қолымнан келсе адамдарды құтқаруға тырысайын дедім", - дейді ол.
"Кейін ереже бойынша әрекет еттім. Азаматтарды эвакуациялауға кірістім. Басқа видео түсірдім. Апақ-сапақта қаншама адам босып кетті. Оларға айғайлап, көлікке отырғызу шарасын жүргіздім. Қалып қойғандардан кім бар екенін іздедім. Сөйтсем, бір әжей қалып қойыпты... Әр адамда қорқыныш болады, тек оны жеңе білу керек. Анам 1967 жылы туған, әкем 66-жылғы. Анам - дәрігер, аурухана істейді. Әкем - кәсіпкер", - деп әңгімеледі өз жайлы Исатай Әлібаев.
Еске салайық, 24 маусымда таңғы уақытта Арыс қаласының маңындағы әскери қойма территориясында снарядтар жарылған. Тұрғындар жаппай қаладан шығып кетіп жатты. Кейін қала толықтай эвакуацияланды. Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде "Қауырт желісі" жұмыс істейді - тәулік бойы 8 (7252) 44-94-72.
Кейін Арыс қаласына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барып, атқарылған жұмыстармен танысып, зардап шеккендермен кездескен еді.