Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Атом электр станциясы салынуы мүмкін деген тағы бір орынды атады. Ол Шығыс Қазақстан облысында, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Атом электр станциясы салынуы мүмкін деген тағы бір орынды атады. Ол Шығыс Қазақстан облысында, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бұл мәселе 2013 жылдан бастап, яғни сегіз жылдан бері талқыланып келеді. Осы уақыт ішінде әртүрлі жер учаскесі сейсмикалық, инфрақұрылым, тұтыну негізінде зерттелді. Қазір екі орын бар. Бірі - Үлкен ауылы (Алматы облысы - ескерт.), екіншісі - Курчатов қаласы (Шығыс Қазақстан облысы - ескерт.). Сейсмикалық жағынан қолайлы. Инфрақұрылым тұрғысынан басым жақтары көп, өйткені осы жерден 500 киловольт "Солтүстік - Оңтүстік" электр желісі өтеді. Сонымен қатар, Үлкен ауылы негізгі тұтынушыларымыз саналатын оңтүстік өңірге жақын орналасқан. Бірақ бір жерді таңдау туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбады. Жұмыс қазірдің өзінде басталып кетті. "Самұрық-Қазына" жанынан жобалық топ ұйымдастырылды, ол барлық зерттеуді жүргізуі тиіс", - деді Мырзағалиев ОКҚ брифингінде.
Ол АЭС салу энергетика министрі болып тағайындалғаннан кейін маңызды мәселелердің бірі болғанын айтты.
"Биыл бізде тапшылық байқалды, электр энергиясын импорттауға мәжбүр болдық. Ресейден жоспарланбаған көлемде алдық. Тиісінше, қазір 2035 жылға дейінгі электр энергиясы, тұтыну мен өндіріс теңгерімін жасадық. Халықты және экономикамызды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін АЭС салу қажет екенін анық көріп отырмыз", - деді министр.
Сонымен қатар, Мырзағалиев АЭС құрылысы орта есеппен 10 жылға созылатынын мәлімдеді.
Курчатов - Шығыс Қазақстан облысындағы қала, Семей мен Павлодар арасында Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1991 жылы жабылған Семей ядролық полигонының бұрынғы орталығы. Осы жерде жұмыс сапарымен болған кеңестік физик Игорь Курчатовтың есімімен аталған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!